Ақтауда Тұрар Әліпбаевтың шығармашылық кеші өтті

Ақтауда Тұрар Әліпбаевтың шығармашылық кеші өтті

29 наурызда Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Тұрар Әліпбаевтың шығармашылық кеші өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Шакрат, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Шығармашылық кештің шымылдығы Түркештің "Көңілашар" күйімен ашылды.

Күй кешінде Құрманғазы Сағырбайұлы, Абыл Тарақұлы, Дина Нұрпейісова, Қазанғап Тілепбергенұлы, Махамбет Өтемісұлынан жеткен танымал күйлер орындалды. Сондай-ақ Тұрар Әліпбаев өз шығармашылығынан «Сатай баба», «Әбіш таған», «Бәйге» күйлерін тартты.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Тұрар Әліпбаевтың ұлттық қазақ музыкасына қосқан үлесін атап өтті.

– Музыка қазақтың салт-дәстүрлері, мерекелерімен астасып, күнделікті өмірімен байланысып жатыр. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ музыка мәдениетінің басты сақтаушысы – халық. Тұрар Әліпбаев халықтың өнерге деген сүйіспеншілігін оятып қана қоймай, өз білімін өскелең ұрпаққа жеткізуде қажырлы еңбек етуде. Халық өнерін дамытуға қосқан үлесіңіз ұшан-теңіз, – деді Нұрлан Ноғаев.