Маңғыстауда соңғы жеті жылда инвестиция көлемі 88 пайызға артқан

Маңғыстауда соңғы жеті жылда инвестиция көлемі 88 пайызға артқан

28 наурызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басшылығымен кездесті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында тараптар инвестиция тарту бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бағытында қабылданып жатқан шараларды талқылады.

Маңғыстау облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға Сыртқы істер министрлігі мен КИ арқылы тұрақты негізде көмек көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы әзірленді. Пулға Маңғыстау облысында 4 мыңнан аса жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 2,0 триллион теңгеден астам 41 жоба енді.

2022 жылдың соңында аталған пулдан 17,2 миллиард теңгенің бес жобасы іске қосылды.

– 2021 жылдан бастап жаңа инвестициялық құрал – стратегиялық инвесторлар үшін арнайы шарттарды қарастыратын Инвестициялық келісім енгізілді. Осылайша, 2022 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі, HYRASIA ONE GMBH және «ХАЙРЭЙЖА УАН» ЖШС (SVEVIND компаниясының негізін қалаушы) арасында «Маңғыстау облысында «жасыл» сутекті өндіру және тарату орталығын құру» жобасы бойынша Инвестициялық келісімге қол қойылды. Соның аясында алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу рәсімдері сәтті аяқталды, - деді ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.

Соңғы жеті жылда инвестиция көлемінің 88 пайызға өскені байқалады. 2022 жылдың 12 айында негізгі капиталға 762,2 млрд.теңге түсті, нақты көлем индексі - 115,8%, оның ішінде жеке инвестиция көлемі - 704,5 млрд.теңге немесе НКИ – 117,4% құрады.

Облыста 2023-2026 жылдар аралығында экономиканың түрлі салаларында жалпы сомасы шамамен 1,5 трлн.теңгеге 5 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 88 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Оның ішінде биыл жалпы сомасы 150 млрд.теңгеден астам 1,0 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 26 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен инвестициялық келісімшарттар жасасу аясында мемлекеттік заттай гранттар түрінде жер телімдерін беру Маңғыстау облысында белсенді түрде орындалуда.

Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында жалпы сома 32,8 млрд. теңгеге 29 инвестициялық келісімшарт жасалды.

Салалар бойынша: 6 жоба - туризмге, 4 жоба - білім беруге, 3 жоба - қойма және қосалқы көлік қызметіне, 3 жоба -денсаулық сақтау саласына және 13 жоба й экономиканың басқа салаларына қатысты.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қолданыстағы заңнама аясында инвесторлардың барлық бастамасын қолдауға әрқашан дайын екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұрақты дамуы үшін отандық және шетелдік инвесторларды тарту керектігін үнемі айтып келеді. Соның нәтижесінде инвесторлар елімізде жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындарын ашып, еліміздің дамуына үлес қосуда. Өңірімізде инвестиция тарту мәселесі де тұрақты бақылауда. Жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлері Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында кәсіпкерлерге қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мәселелерін жүйелі түрде шешуде. Былтыр облыста шетелдік инвесторлардың тікелей қатысуымен ірі жобалар орындалды. Бірақ әлі де өңірдегі мүмкіндіктерді толық пайдалана алмай жатқан жағдайлар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Kazakh invest» ұлттық компаниясы мен Сыртқы істер министрлігінің құрамында Инвестициялар тарту комитетін құрды. Мұнда мамандар ҚР-дағы және шетелдегі инвестиция мәселелерімен тікелей айналысады. Біз де кейбір елшіліктердегі әріптестермен тығыз байланыстамыз, - деді Нұрлан Ноғаев.