Ақтауда Маңғыстау облыстық сотының 50 жылдығы атап өтілді

Ақтауда Маңғыстау облыстық сотының 50 жылдығы атап өтілді

27 наурызда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Маңғыстау облыстық сотының құрылғанына 50 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, қала әкімі, сала ардагерлері, сот төрағалары мен қызметкерлері қатысты.

Шара барысында Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Әметов пен сот саласының ардагері Итемген Орынбаев сала мамандарын құттықтады. Содан соң сот қызметкерлерінің қатысуымен «Әділет жолында» спектаклі көрсетілді. Әрі қарай мерекелік концерттік бағдарлама жалғасын тапты.

– Облыстық сот елу жыл ішінде жұмысын жүйелеген, арнасын кеңейткен, беделін нығайтқан құрылымға айналды. Осы жылдар ішінде қаншама ұрпақ алмасты. Сот саласында өзіндік орны бар талай тұлға біздің соттың жандануына, ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосты. Маңғыстау облыстық сотынан қаншама жастар тәжірибесі мен біліктілігін арттырды. Бұл соттың тура төрелік алаңы ғана емес, судьялардың біліктілігін көтерудің, кәсіби қабілетін арттырудың үлкен мектебі екеніне нақты дәлел. Басты мақсатымыз – халықтың сотқа деген сенімін ақтап, әділ сот билігінің салтанат құруына мінсіз қызмет ету. Елімізде сот төрелігін сапалы жүзеге асыру арқылы халықтың сотқа деген сенімін арттыру, – деді Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Әметов.

Нұрлан Ноғаев Фемида қызметкерлерін мерейтойымен құттықтап, Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы соттардың рөлін атап өтті.

– Сот жүйесіндегі реформалар мен қайта құрулар дамуға тың серпін беріп, судьялар әрқашан сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі өз міндеттерін орындап, заң үстемдігінің нығаюына үлес қосты. Маңғыстау сотында жыл сайын азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер қаралады. Біртұтас сот тәжірибесін қалыптастыру, соттардың құқық қолдану және ұйымдастырушылық қызметін жетілдіру, сот ісін жүргізуді оңтайландыру және сот қорғауының тиімділігін арттыру тоқтатылған жоқ. Сот жүйесінің маңызды принциптерінің бірі – сот төрелігін орнату, жариялылықты қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік қауымдастықта іргелі ел болу, әділетті Қазақстан құру туралы тапсырмасында заңның үстемдігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі, - деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, 1973 жылы 23 наурызда Маңғыстау облыстық соты өз жұмысын бастады. Содан бері жеті сот төрағасы басқарды, ал қазір Бек Әметов жетекшілік ететін Маңғыстау сотында 70-ке жуық судья, ұжымда 200-ден астам маман бар.