2022 жылы Маңғыстау облысының Иран Ислам Республикасымен сыртқы сауда айналымы 52 млн АҚШ долларын құрады

2022 жылы Маңғыстау облысының Иран Ислам Республикасымен сыртқы сауда айналымы 52 млн АҚШ долларын құрады

Бүгін, 24 наурызда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Иран Ислам Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Ғоламреза Хашемимен кездесу өтті. Кездесу барысында екіжақты экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері мен даму перспективалары талқыланды, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысы Иран Ислам Республикасымен, атап айтқанда Мазандаран және Гүлстан провинцияларымен тығыз қарым-қатынаста.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында ирандық капиталдың қатысуымен 30 кәсіпорын тіркелген.

Биыл 22 ақпанда Маңғыстау облысының делегациясы Иран Ислам Республикасы Гүлстан провинциясының Горган қаласына және Мазандаран провинциясының Тегеран қаласына жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты - екіжақты тәжірибе алмасу және бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі мәселелерін талқылау.

Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының Иран Ислам Республикасымен 2022 жылға арналған сыртқы сауда айналымы 52 млн АҚШ долларын құрағанын атап өтті.

- Құрметті Ғоламреза Хашеми мырза, сізді Маңғыстау облысында көргенімізге қуаныштымыз. Сізді қызметке тағайындалуыңызбен құттықтай отырып, бүгінгі кездесуіміз экономикалық маңызды жобаларды сәтті орындау үшін бірлескен шешімдердің бастауы болады деп сенеміз. Маңғыстау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқан Қазақстанның жетекші және маңызды өңірлерінің бірі, - деді Нұрлан Ноғаев.