Үздіксіз сумен қамтамасыз ету, нүктелі құрылыстар және абаттандыру: Нұрлан Ноғаев Ақтау тұрғындарымен кездесті

Үздіксіз сумен қамтамасыз ету, нүктелі құрылыстар және абаттандыру: Нұрлан Ноғаев Ақтау тұрғындарымен кездесті

16 наурызда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының тұрғындарымен кездесті. Азаматтар әлеуметтік, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қозғады, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өзекті мәселелердің бірі - тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету. Жиында МАЭК және инженерлік желілерді жаңғырту жобалары сөз болды.

Былтыр қарашада электр комбинаты облыстың коммуналдық меншігіне өтті. Енді энергетикалық жабдықтарға техникалық аудит жүргізу жоспарланып отыр. Қуаттылығы тәулігіне 24 000 текше метр су тұшыту қондырғысын салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылды.

Сондай-ақ жиын барысында қала әкімі абаттандыру мәселелерін шешу шараларын баяндады. Мәселен, 2023 жылы жеті мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарлануда. 2022 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша қалада 65 мыңнан астам жапырақты және төрт мыңға жуық қылқан жапырақты ағаш бар. Қала әкімінің айтуынша, егілген көшеттердің барлығы ботаникалық бақта ғылыми тәжірибеден өтіп, Ақтауда акклиматизацияланған. Дегенмен, қаланы жасыл желекті айналдыру үшін жан-жақты қолдау, яғни тұрғындардың белсенділігі маңызды.

– Тұрғындар абаттандыру мен көгалдандыруға қатысты жиі сын айтады. Біз шағымдарды тыңдап, жағдайды жақсартуға тырысамыз, бірақ тұрғындардың көмегінсіз тиісті нәтижеге жете алмаймыз. Өз аулаларын көгалдандыруға тұрғындарды тарту тәжірибесін әрі қарай жалғастырғымыз келеді. Қаланы таза ұстап, жасылдандыру ортақ күшті талап етеді. Жақын маңдағы ағаштарды суарумен айналысқысы келетіндерге барлық жағдайды жасаймыз. Атап айтқанда, құбыр тартудан бастап жалақы төлеуге дейінгі шараларды ұйымдастырамыз, - деді Ербол Ізбергенов.

Былтыр 253 көпқабатты тұрғын үйдің өкілдерімен шағынаудандар ішіндегі жасыл-желектерді суару бойынша келісімшарт жасалды. Бұл жұмыстар жалғасуда.

– Қызмет көрсетуші ұйымдармен келісімге келген шағынаудандарға су таситын көліктер кірмейді. Бұл ағаштар мен бұталарды келісімшартта белгіленген мерзімде суаруға мүмкіндік береді. Қала тұрғындарын көгалдандыру жұмысына тарту арқылы Ақтауды қайта «жасыл қалаға» айналдыруға мүмкіндік туады, – деді қала әкімі.

Облыста су тапшылығын ескере отырып, жасыл желектерді суаруға жер асты су көзі пайдаланылады. Мәселен, 4А шағынауданындағы жасыл желектер жер асты суымен суарылады. Алайда, бұл жеткіліксіз. Сондықтан жер асты суларын пайдалануды оңтайландыру мақсатында екі су қоймасы орнатылды.
2023 жылы су қоймаларының сыйымдылығын арттыру мақсатында көлемі 500 м3 қосымша су қоймаларын орнату жұмыстары басталды.

Аймақ басшысы аталған маңызды мәселелермен қатар, тұрғындардың нүктелі құрылыстар мен ғимараттардың ыңғайсыз орналасуына қатысты шағымдарына жауап берді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, рұқсат құжаттары жоқ құрылыс компанияларына қарсы тиісті шаралар қабылдануда. Облыс орталығында заңсыз салынып жатқан 25-ке жуық үй бар. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті алдағы уақытта шаралар қабылдауда ағымдағы жағдайды талдау жұмыстарын жүргізуде. Бұл үйлердегі пәтерлер сатылғанын айта кеткен жөн. Олардың кейбіреулері жөндеу жұмыстарын бастаған. Осыны негізге ала отырып, тұрғындардан жаңа ғимараттардан баспана сатып алмас бұрын құрылыс салушылардан рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеруді сұраймыз, – деді Нұрлан Ноғаев.

Жиынға қатысушылар қаланы абаттандыру, серуендеу орындарының жетіспейтінін айтты.

Халықпен кездесу аяқталғаннан кейін аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдады.