Ақтау жанындағы тұрғын үй массивтері орталық кәрізге қосылады

Ақтау жанындағы тұрғын үй массивтері орталық кәрізге қосылады

15 наурызда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Өмірзақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындары әлеуметтік, тұрғын үй, коммуналдық және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін көтерді, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өмірзақ ауылында жеті мыңнан астам тұрғын тұрады. Ауыл төрт елді мекенге бөлінген: Өмірзақ, Приморский, Рауан және Приозерный.

Өмірзақ ауылын дамытуда тұрғындарды орталықтандырылған коммуникациямен қамтамасыз ету мәселесі маңызды.

Өмірзақтағы төрт тұрғын массиві орталықтандырылған коммуникациялармен, оның ішінде су бұру (кәріз) жүйесін қоспағанда, сумен, газбен, электрмен жабдықталған. Тек Приморский тұрғын массиві орталықтандырылған кәріз желілерімен қамтамасыз етілген.

Өмірзақ ауылының су бұру желілерін магистральдық желіге қосу үшін жоба әзірленді. Қазір келісу сатысында тұр. Мақұлдау рәсімі мен сараптамадан өткеннен кейін жоба орындалады. Осылайша, Өмірзақ ауылындағы барлық үй орталық кәріз жүйесіне қосылады.

Айта кетейік, бұған дейін тұрғындар қоғамдық көліктің жұмысына көңілі толмайтынын тілге тиек еткен. Яғни, аялдамалардың жоқтығы мен қозғалыс аралықтары сақталмайды. Осыған байланысты автобустар мен аялдамалар санын көбейту жоспарланып отыр.

Маңғыстау облысының әкімі автобус паркін жаңарту қоғамдық көлікті жаңарту және жаңғырту бағдарламасы арқылы іске асып, отандық автобустармен толығатынын атап өтті.

– Өздеріңіз білесіздер, біз автобус паркін жаңартуды бастадық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. 2023 жылдың соңына дейін «Каспий» ӘКК қолдауымен қалалық және аудандық бағыттар үшін 120 ыңғайлы автобус сатып алынады. Бұл жолаушылар тасымалының жағдайын жақсартуға септігін тигізетініне сенімдімін. Жаңа автобустар бейнебақылау, мультимедиялық панель, жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеуге арналған қондырғылармен жабдықталады. Сонымен қатар жол апатын болдырмау үшін жүргізушіге көмектесетін интеллектуалды жүйе бар. Жолаушылардың қауіпсіздігі - бірінші орында, - деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, жиын барысында ауыл тұрғындары экология мәселесін де көтерді. Сондай-ақ дәрігерлердің жетіспеушілігі, абаттандыру, қоқыс шығару, көлік тұрақтарының жоқтығы, бақылаусыз мал бағуға шағымданды.

Халықпен кездесу аяқталғаннан соң аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдады.