Маңғыстауда алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Маңғыстауда алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Маңғыстауда алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Бүгін, 26 қаңтар күні Маңғыстауда табиғатты қорғау заңнамасын сақтау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, облыс прокуроры Руфат Құттықов, сондай-ақ жергілікті құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік органдардың жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы бірлескен жұмыстың тиімділігі талқыланды. Сонымен қатар алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы күрес саласындағы уәкілетті органдардың жұмысын үйлестіру мәселесі сөз болды.
Браконьерлік үшін жазаның күшейтілгеніне қарамастан қылмыстық жолмен Қызыл кітапқа енген балық пен басқа да фаунаны аулау фактілері тіркелуде. Соңғы 3 жылда браконьерліктің 212 фактісі тіркелді. 132 адам сотталып, олардың 42%-ы бас бостандығынан айырылды.

Облыс прокуроры Руфат Құттықовтың айтуынша, браконьерлер табиғатқа көптеген зиян келтіреді, оларды тек ақшамен есептеп шығаруға болмайды. Егер жағдайды бақылауға алмаса, кейінгі ұрпақ кей жануарларды тек суреттен ғана көруі мүмкін.
Алайда жазалау шаралары жағдайды өзгерте алмайды. Облыс прокуроры осы ретте табиғатқа деген құрметті мектеп қабырғасынан бастауды, халықтың мәдениетін көтеруді ұсынды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз сөзінде өңірдің жануарлар дүниесі, Каспий теңізі ел тарихының маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Сондықтан да болашақ ұрпақ оның бай әрі алуан түрлі флора мен фаунасын сақтауы маңызды.

– Мемлекет басшысы облысқа сапары барысында құрылып жатқан ғылыми-зерттеу институтымен қатар Каспий теңізінің проблемаларын әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен мемлекеттердің қатысуымен жұмыс тобын құру туралы ұсынысын айтты. Қазір бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді облыс әкімі.

Облыс прокуроры Руфат Құттықовтың айтуынша, алаяқтықтың, оның ішінде интернет-алаяқтық қазіргі қоғамдағы күрделі мәселеге айналып отыр. Соңғы 5 жылда республикада қылмыс деңгейі 50%-ға (316481-ден 157473-ке) азайғанына қарамастан, алаяқтық саны, керісінше 50%-ға (27467-ден 43499-ға), ал облыста 60%-ға (611-ден 979-ға дейін) артқан.
– Бүгінде бұл мәселенің салдарымен күресіп жатырмыз. Құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар алаяқтықтан зардап шеккен адамдар келгенде ғана мәселені шешу жолын қарастырады. Мұның нақты себебін анықтау керек. Қандай да бір күдікті әрекет болса, дереу оған назар аударыңдар. Түсіндіру жұмыстары, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері күн тәртібінен түспеуі қажет. Ал жобалық кеңсе құрып, соның аясында үйлестіру кеңесінде талқыланған, көтерілген мәселелер қаржы нарығын реттеу, ҰҚК, прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдары, қоғамдық кеңес және т.б. өкілдері назар аударатындай болуы керек. Сондықтан бұл мәселелерді шешудің жолын табыңыздар, – деді Нұрлан Ноғаев.

Сөз соңында алаяқтықтың заманауи түрлерімен тиімді күресу үшін прокуратура, құқық қорғау және мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен жобалық кеңсе ұйымдастыру ұсынылды.

Жобалық кеңсенің мақсаты – алаяқтықтың нақты орын алу себептерін анықтау және оның алдын алу шараларын қолдану арқылы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері бұл жобаны бірауыздан мақұлдады.
«Заманауи алаяқтық түрлерінің алдын алу» жобасын орындау нәтижесінде алаяқтық фактілері азаяды. Бұл халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға да ықпал етеді.