Ақтауда «Ер Едіге» тарихи драмасы сахналанды

Ақтауда «Ер Едіге» тарихи драмасы сахналанды

Ақтауда Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры Едіге батырдың ерлігіне арналған «Ер Едіге» спектаклінің премьерасын өткізді, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Спектакль авторы – мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан.

Спектакль бір сағаттан астам уақытқа созылды. Қойылымда 10-нан аса театр әртісінен бөлек, фольклорлық ансамбль мен Қазақ камералық хорының әртістері өнер көрсетті.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев театрдың шығармашылық ұжымына жоғары кәсіби деңгейі үшін алғыс білдірді.

– Едіге батырдың есімін бүкіл түркі әлемі ұлықтап, ерлігін насихаттауға көңіл бөлуде. Осы ретте театр әртістері тарихи оқиғалардың тереңдігін толық жеткізіп, фактілерді сенімді түрде көрсете білді. Туындының негізгі айтары – халық бірлігінің маңыздылығы. Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрына шығармашылық табыс тілеймін, – деді Нұрлан Ноғаев.

Алдағы уақытта театр ұжымы гастрольдік сапармен тек Қазақстанды ғана емес, шетелге де баруды жоспарлап отыр.