«ABISH ALEMI» екінші халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті

«ABISH ALEMI» екінші  халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті

23 қыркүйек күні 4 күнге созылған «ABISH ALEMI» екінші халықаралық театр фестивалінің
ресми жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, қазақ театры мен киносының мэтрі Асанәлі Әшімов, арнайы шақырылған қонақ Дүйсен Қасейінов, театр сыншылары, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген әртістері қатысты.

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров құттықтау сөз алып, фестивальге қатысушы барлық өнерпаздарды марапаттап, естелік сыйлықтарды табыстайды.

-Мына қасиетті сахнада төрт күн бойы Әбіш Кекілбаев кейіпкерлерімен кездесіп, сырласқан сәттер аяқталып келеді. Әмір Темір, Сәулетші, Күйші, Дутаршы, Дүйімқара мен Жөнейіт, Аққаймақ, Әбекең қазақша сөйлеткен Лир патша, Ромео мен Джулетта, Гамлет, Әбіш ағаның қаламдастары сомдаған кейіпкерлер арамызға келді. Армандарын ақтарып, аманаттарын айтты. Өткеннен ғибрат алдық. Бүгінімізге тәубе дедік. Болашағымызға сенім артты! Бұл – осындай тағдырлы туындыларды өмірге әкелген қаламгердің ұлтына жасаған ұлы сыйы, әлемдік әдебиетке қосқан сүбелі олжасы. Халқымен бірге жасайтын мәңгілік рухани мұра қалдырған Әбіш Кекілбаев рухына тағзым етіп, тағылым алу біздің де, бізден кейінгі ұрпақтардың да қасиетті парызы! «Әбіш Әлемінің» сахна сайысының барлық жүлдегерлерін шығармашылық жеңістерімен құттықтаймын! Баршаңызға бақ- береке, отбасы амандығын тілеймін!,-деді Бекбол Орынбасаров.

ABISH ALEMI халықаралық фестивалі Маңғыстауда екінші рет өткізіліп отыр. Биыл оған Қазақстаннан, сондай-ақ көршілес елдерден: Қырғызстан, Башқұртстан (РФ) және Грузиядан 9 театр қатысты.

Төрт күндік фестиваль қорытындысы бойынша "Үздік әйел рөлі" жүлдесі Ахалцихе қаласының (Грузия) мемлекеттік кәсіби драма театрының актрисасы Анона Иашвилиге тапсырылды, "Үздік ер адам" жүлдесін Туймазин мемлекеттік татар драма театрының (Башқұртстан Республикасы) актері Алик Зейлалов алды,
"Үздік режиссерлік жұмыс" жүлдесін Алматы қаласының мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы Дина Жұмабаева алды, ал бас жүлде «Әбіш Кекілбайұлының атындағы арнайы сыйлықты» "Король Лир" спектаклі үшін Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Фархад Молдағали жеңіп алды.