Ақтауда күйші Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылық кеші өтті

Ақтауда күйші Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылық кеші өтті

21 қыркүйек күні Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, домбырашы, күйші Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылық кеші өтті.

Кешке Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР Мәдениет және өнер қайраткерлері Дүйсен Құрабайұлы, Ақұштап Бақтыгереева және қала тұрғындары қатысты.

Шарада сөз алған аймақ басшысы Айгүл Үлкенбаеваға халық шығармашылығы мен рухани жаңғыруын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

-Қандай да бір елдің әлемге әйгілі болуы сол елдің білімді де өнерлі ұл-қыздарының ізгілікті іс-әрекетіне, игілікті жаңалық, жетістіктеріне байланысты екені белгілі. Адам нәрді енген топырағынан, нұрды өскен ортасынан сіңіреді. Қазақ күй өнерінің көгінде Дина шешей, Науша, Алтынай, Аққыз, Барша, Зәмзәм, Бақыт сынды дүлдүл күйші қыздары өткені алаш жұртына мәлім. Сол апаларының ізін лайықты жалғастырып келе жатқан дарынды қыздарыңыз – Айгүл Үлкенбаева! Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаз ретінде халық шығармашылығын дамыту ісіне, рухани жаңғыруымызға қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Құрманғазы бабамыз салған сара жолды жалғастырып, өзіндік иірімі бар қазақ күй өнерінің болмысын бүгінге жеткізіп отырған еңбегіңіз – жас ұрпақ үшін мақтаныш, үлгі-өнеге. Айгүл Нариманқызының Маңғыстаудағы өнер сапарына құтты болсын айта отырып, шығармашылық табыс тілеймін!,-деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ кеш қонақтары Жетісу дәстүрлі ән мектебінің өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова, Жапония, Ресей, Франциядағы халықаралық байқаулардың лауреаттары, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартет және елімізге танымал Бэнд тобы өнер көрсетті.

Кеш соңы Айгүл Үлкенбаеваның орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты.