Өңір басшысы мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Өңір басшысы мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

12 тамыз күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен мемлекеттік кірістер органының құрылғанына 8 жыл толуына орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шарада аймақ басшысы Маңғыстау облысы мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтады.

-Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, халықтың құқықтық білімін арттыру, бюджетке түсетін салық түсімдерін бақылау – мұның бәрі мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеті. Сіздер сол міндетті аброймен атқарып келесіздер. Мемлекеттік кірістер органдары экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды сала. Мемлекеттің дамуы экономикаға, ал экономиканың тұрақтылығы қаржыға байланысты. Сондықтан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елде қабылданған заң нормаларын мүлтіксіз орындау, елдің мүддесін қорғауда атқарылып жатқан жұмыстар орасан зор. Бұл әрине мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын жүзеге асырып отырған сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі деп білемін. Сіздерге еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін!
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін,- деді Нұрлан Ноғаев.

 Бүгінде Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде 500-ге жуық қызметкер жұмыс жасайды.

Департамент 2022 жылдың 7 айында шоғырландырылған бюджетке 623,0 млрд.теңге салықтар мен төлемдер түсімдерін қамтамасыз етті. Бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 245,8 млрд.теңгеге артық орындалды.  

Мемлекеттік кірістер органының құрылған күні құрметіне орай қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны және жоғары біліктілігі үшін Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бірқатар қызметкері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталады.