Ақтауда Каспий теңізінің экологиялық жағдайы талқыланды

Ақтауда Каспий теңізінің экологиялық жағдайы талқыланды

12 тамызда Ақтауда Халықаралық "Каспий күні–2022" атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР сенат және мәжіліс депутаттары, Қазақстандағы Тегеран конвенциясының өкілі, құқық қорғау органдары және арнайы органдардың өкілдері, мекеме, басқарма басшылары, өндірістік мекеме, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Шарада сөз алған аймақ басшысы Каспий теңізінің аймақ үшін маңыздылығын айта келе, оның тұрақты экологиялық жағдайын қорғау және сақтау біздің басты міндетіміз екенін атап өтті.

- Каспий теңізінің экологиясы оның жағасында орналасқан 5 ел үшін өте маңызды. Біздің міндетіміз - қоршаған ортаға тигізетін әсерді әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, неғұрлым төмендету. Бізді толғандыратын тағы бір мәселе – қызыл кітапқа енген Каспий итбалығының тағдыры. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін және оның жеке өз бақылауында болатынын атап өтті. Каспий теңізінің маңыздылығын ескере отырып, бүгінгі кездесуде айтылған бірқатар ұсыныстар қаралып, олар бойынша нақты шаралар қабылданатын болады, — деді Нұрлан Ноғаев.

Итбалықтарды қорғауды күшейту үшін ҚР Үкіметінің қаулысымен Каспий итбалығы 2020 жылдың 13 қарашасында «ҚР-ның Қызыл кітабына» енгізілді. Өкінішке орай 2022 жылы Каспийден 216 өлі итбалықтың ұшалары анықталды. Бүгінгі таңда итбалықтардың осы түрін сақтау үшін бірқатар шаралар қабылдануда.

Іс-шарада Каспий теңізінің қазіргі жағдайы, экологиялық мәселелерін тиімді шешу және теңіздегі бірегей флора мен фауналардың сақталуы туралы баяндамалар жасалды.

Осыдан 19 жыл бұрын, 2003 жылғы 4 қарашада Каспий теңізінің айналасында орналасқан бес елдің өкілдері Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранда Каспий теңізін қорғау жөніндегі негізгі (Тегеран) конвенцияға қол қойды. Осы негіздемелік (Тегеран) конвенция 2006 жылғы 12 тамызда күшіне енді. Содан бері Каспий теңізінің халықаралық күні жыл сайын аталып келеді.