Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысында орналасқан Х.Өзбекғалиев кен орнының жұмысымен танысты

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысында орналасқан Х.Өзбекғалиев кен орнының жұмысымен танысты

8 тамызда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданына барған жұмыс сапарында Тепке учаскесінде болды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Энергетика министрлігі 2017 жылы "Тепке" учаскесіне геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, географиялық тұрғыдан учаске оңтүстік-батысында Қарақұдық кен орнымен, оңтүстігінде Арыстановское кен орнымен шектеседі. Учаскенің оңтүстік-шығыс бөлігінен 25 шақырым жерде "Өзен-Атырау" мұнай құбыры және "Орта Азия-Орталық" газ құбыры, Ақтау-Атырау автотрассасы және Ақтау-Атырау темір жолы өтеді.
Кен орнында 2020 жылдан бастап жұмыс жүргізіле бастады.

Аталған кен орнына атақты геолог-барлаушы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Х.Өзбекғалиевтің есімі берілді. Ағымдағы жылдың маусым айында мұнда ТЗ-2 екінші барлау ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталды.

2021 жылдың мамыр айында Тепкеден көмірсутектер шоғыры табылды. Сондай-ақ блоктың орталық бөлігінде Т-1 бұрғыланған ұңғымада мұнай шоғыры табылды.

Қазіргі таңда "Тепке" ЖШС ТЗ-2 ұңғымасына сынақ жүргізілуде. ТЗ-3 үшінші барлау ұңғымасын бұрғылауды жүзеге асырады. 2022 жылдан 2023 жылға дейін тағы 6 ұңғыманы бұрғылау көзделіп отыр.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі ТЗ-3 ұңғымасындағы бұрғылау жұмыстарымен, ТЗ-2 ұңғымаларына жол төсеу және бұрғылау алаңдарына сынама жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ модульдік үлгідегі вахталық кент құрылысының жұмысымен танысты.

- Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында геологиялық барлау мен мұнай-газ саласына инвестициялар тарту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бұл орайда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, қоршаған ортаға және жалпы экологияға қамқорлық жасау қажет. Біз жұмысымен танысқан кәсіпорын қарқынды дамиды деп сенемін, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

"Меридиан Петролеум" президентінің айтуынша, компания өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға көңіл бөлетін болады. Серіктес және мердігер компаниялардың өздері сервистік жұмыстарға жергілікті тұрғындарды тарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.

-Бірінші кезекте мұнда жоспарланған жұмыстар мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 5 жылдан кейін бұл кәсіпорын толық мұнай өндіру үшін барлық қажетті жабдықтармен және технологиялармен толық жабдықталатынына сенімдімін. Сонымен қатар кәсіпорын жергілікті халық үшін 150 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті "Меридиан Петролеум" президенті Балтабек Қуандықов.