Маңғыстау облысында соңғы бір аптада індет жұқтырғандардың саны 1,3 есеге артты

Маңғыстау облысында соңғы бір аптада індет жұқтырғандардың саны 1,3 есеге артты

Маңғыстау облысында соңғы бір аптада ковид жұқтырғандардың саны 155-тен 211-ге дейін артып, алдыңғы аптамен салыстырғанда ауырғандар саны 1,3 есеге өсті.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Көркембаеваның айтуынша, ағымдағы жылдың 10 ақпан айынан бастап еліміз бойынша өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес Маңғыстау облысы жасыл аймақта.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың мәліметіне сәйкес, соңғы айларда ең жоғарғы аурушаңдық көрсеткіші Ақтау қаласында байқалады, онда – 287 адам, Мұнайлы ауданында - 86 адам, Жаңаөзен қаласында - 60 адам ковид жағдайында тіркелген.

-Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы саны 52 бригада қызмет атқаруда. Қосымша КВИ өршіген жағдайда резервте 16 бригада дайындалды. Жалпы 52 бригаданың 16-сы қалалық деңгейде және 36 бригада ауылдық елді мекендерге қызмет көрсетеді. Сонымен қатар бригадалар ішінде төртеуі мамандандырылған яғни дәрігерлі бригада және 48 бригада фельдшерлік қызмет көрсетеді. Одан өзге, алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында 646 жалпы тәжірибелі дәрігер және 2000-ға жуық орта медициналық қызметкер жұмылдырылды,-деп атап өтті Аманбек Жұмыров.

Мамандардың айтуынша, облыста коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу үшін вакцинация және ревакцинация жұмыстарын жандандыру, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары қызметкерлерінің вакцинация және ревакцинация жұмыстарын толық алуын бақылауға алуы, сондай-ақ қоғамдық көліктерде, адамдар көп шоғырланатын жерлерде, жабық ғимараттарда бетперде тағу тәртібін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануы қажет.

Жиын соңында өңір басшысы жауапты тұлғаларға коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында жоғарыда аталған шаралардың орындалуы бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды.