Маңғыстауда алғаш рет судья және сот қызметкерлері күні аталып өтті

Маңғыстауда алғаш рет судья және сот қызметкерлері күні аталып өтті

24 маусымда “Судья және сот қызметкері күніне» орай салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Әметов және алқа төрағалары, өңір судьялары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының басшылары, ардагер судьялар, сот қызметкерлері қатысты.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев судья және сот қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтады.

-Құрметті судья және сот қызметкері, сіздерді бүгінгі 24 маусым – «Судья және сот қызметкері» күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сот жүйесі - бұл мемлекет пен азаматтардың конституциялық құқықтары сақталуының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде” деген болатын. Шын мәнінде, қоғамда әділдік орнататын - сот жүйесі. Жаңа заңдар адамдар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтті. Сіздердің көп жылғы еңбектеріңіз оң бағаға лайық. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге жетістіктер тілеймін!,-деді Нұрлан Ноғаев.

Салтанатты жиында Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Әметов Қазақстан Республикасы Президентінің алғысы «Барыс» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар судьялар мен сот қызметкерлеріне Маңғыстау облысы әкімінің «Алғысы», ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі табысталды.

Сонымен қатар ұзақ жылдар бойғы жемісті, әрі мінсіз қызметі және сот жүйесін дамытуға қосқан салмақты үлесі үшін соттармен тығыз қарым-қатынас жасайтын органдардың басшылары, ардагер судьялар, судьялар мен сот қызметкерлері «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

Салтанатты жиын ары қарай концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.