Маңғыстауда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталды

Маңғыстауда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталды

23 маусымында Ақтау қаласында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көрмеге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты.

Отандық өнімнің сапасын арттыру және Қазақстан нарығын бәсекеге қабілетті тауармен толықтыруға бағытталған шара жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Көрмеге жергілікті 50-ге жуық кәсіпкердің өнімі қойылды. Олар “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» - 3 номинация бойынша бақ сынасты.

Байқауда әр номинация бойынша үш-үштен, тоғыз жеңімпаз айқындалып, жеңімпаздар арнайы жүлдемен марапатталды.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша: «Каскор Машзавод» АҚ, «Каз Азот» АҚ және «OSS KAZAKHSTAN» ЖШС, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында Жеке кәсіпкерлер “Мендикулова», «Жекенова», және «Rakhim baby», сондай-ақ «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Актау Агро» ЖШС, Жеке кәсіпкер «Толеуіш Даниял Саматұлы», «Кобзев Руслан Викторович» шаруа қожалығы үздік деп танылды.

Аймақ басшысы жеңімпаз атанған кәсіпкерлерді құттықтап, алдағы Республикалық бәйгеде жүлделі орын алуға тілектестік білдірді.

-Өңірдің экономикалық тұрақтылығы - орта және шағын кәсіптің үлесінің артуымен байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қашан да шағын және орта кәсіпті қолдап келеді. Нәтижесінде елімізде кәсіп ашуға ниеттілер қатары көбейіп келеді. Өңірімізде кәсіпкерлердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артты. Шағын және орта кәсіп арқылы өңірде жұмыс орындарын сақтауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік аламыз. Сондықтан сіздерді әрқашан қолдауға, “Ашық диалогқа” дайынбыз. Бүгінгі байқауда үздік деп танылған жеңімпаздарға Республикалық бәйгеде сәттілік тілеймін!,-деді Нұрлан Ноғаев.

Өңірлік байқаулардың 9 жеңімпазы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына жолдама алды. Республикалық көрме-байқаудың қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП-ның сараптамалық тобы 27 финалисті анықтайды. Одан әрі жеңімпаздар онлайн дауыс берумен іріктеледі.

Дипломанттар төрт жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады. «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президентінің қатысуымен салтанатты рәсімде өткізіледі.