Маңғыстауда 18 мыңға жуық адамның жәрдемақысы артты

Маңғыстауда 18 мыңға жуық адамның жәрдемақысы артты

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап 17 976 әлеуметтік төлем алушының жәрдемақысына үстемақы қосылды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының бас маманы Гүлбаршын Ғайыпқызы хабарлады.

Спикердің айтуынша, ҚР Парламенті мәжілісі бекіткен бюджет жобасында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейтуге қосымша 185 млрд теңге бөлінген.
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемге еліміз бойынша 28 млрд.теңге бөлінді, төлем 81210 теңгеден 84353 теңгеге көбейді. Екінші, асыраушысынан айырылуына байланысты 19 млрд.теңге қаралды, 73588 теңгеден 76443 теңгеге көбейді. Сонымен қатар, бала 1 жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік төлемге 206 млрд. теңге бөлінді, қазіргі кезде 385 мың жұмыс істейтін әйелдерге төленетін төлемнің орташа мөлшері айына 43901 теңгені құрайды, - деді Гүлбаршын Ғайыпқызы.

Өңір бойынша 18 мыңға жуық адамның төлемі артқан. Атап айтсақ, асыраушысынан айырылған - 2836 адам, еңбек ету қабілетінен айырылған - 4367 адам және бала күтіміне байланысты - 10773 әйел.

Брифинг барысында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айжамал Қалмағамбетова басқа да жәрдемақы мөлшеріне тоқталып өтті.

Маңғыстау облысы бойынша 200 мыңнан астам адам зейнетақы және жәрдемақы алады. Төрт және одан да көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алушылар саны - 34 097 құрайды. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап:
1. Айлық есептік көрсеткіш – 3180 теңге (3063);
2. Ең төменгі зейнетақы – 48032 теңге (46302);
3. Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 20 191 теңге (19450);
4. Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге (36018);
5. Ең төменгі жалақы – 60000 теңге құрайды (60000).

2022 жылы зейнетақы тағайындау үшін ең жоғары табыс 46 еселенген АЕК-тен аспауы керек, яғни 146 280 теңге. 01.01.2022 жылы – 140898 теңге құраған.

-Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар да өсті. Мысалы, 1 топтағы мүгедекке жалпы ауруы бойынша берілетін жәрдемақы 69155 теңгеден 71 787 теңгеге өсті. Бір баланың туылуына байланысты біржолғы жәрдемақы сәуір айынан бастап 116394 теңгеден 120840 теңгеге өсті, төртінші балаға 192969 теңгеден 200340 теңгеге ұлғайды, - деді Айжамал Қалмағамбетова.

Сондай-ақ, брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Маңғыстау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ұлан Нұрлыбаев электронды түрде көрсетілетін әлеуметттік қызмет түрлерін айтты.

-Мемлекеттік корпорация әлеуметтік салада 44 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Яғни, соның ішінде электронды портал арқылы (Егов) 14 төлем ЭҮП арқылы жүзеге асырылады.
- Базалық зейнетақы төлемі;
- Мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- Асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- Мүгедек балаларды тәрбилеп отырған адамдарға берілетін жәрдемақы;
- Бала тууға және бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейінгі жәрдемақы тағайындау;
- мүгедек бала күтімі бойынша жәрдемақы 1 топ
- Жерлеуге арналған біржолғы төлем;
- Көп балалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау;
- Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем;
- Мүгедектік бойынша әлеуметтік төлем;
- Асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлем;
- жұмыстан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем;
- Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем;
- Семей ядролық сынақ полтгонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақытөлеу, куәліктер беру.

Сонымен бірге осы жылы алтын алқа, күміс алқа алқаларымен наградталған не бұрын батыр ана атағын алған, 1 және 2 дәрежелі ана даңқы орденімен наградталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және де арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемдерінің 10 түрін осы (ЭҮП) электрондық үкімет порталы арқылы алуды жоспарлап отырғандығын айтты.

-Сонымен қатар, Халық, Каспий банк бағдарламалары арқылы да бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақыға құжат тапсыруға болады. Осы жылы жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау жоспарлап отырғандығын айтып, бұл төлемдердің барлығын алуы үшін тұтынушылардың ұялы телефондарының номері міндетті түрде азамттардың мобильді базасында (АМБ) тіркелуі керек екендігін мәлімдеді, - деді Ұлан Нұрлыбаев.