Маңғыстау облысында республика көлемінде өткен тарих пәні мұғалімдері съезінің қорытындысы талқыланды

Маңғыстау облысында республика көлемінде өткен тарих пәні мұғалімдері съезінің қорытындысы талқыланды

Бүгін, 12 мамырда Ақтауда тарих пәні мұғалімдерінің «Білім беру ұйымдарындағы тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» форумы өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Форумға аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева, мемлекеттік органдардың басшылары,білім беру мекемелерінің тарих пәні мұғалімдері қатысты.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен күннің тағылымын ұғыну, бүгінді саралап, жасампаз болашақты құру үшін тарихты зерделеудің маңызды рөлін атап өтті.

– Халқымыздың өткені тарихи оқиғаларға бай. Өткеннің тағылымын ескермей, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Тарихтың құндылығы – бүгінгі жастарымыз басшылыққа алатын бабалар тағылымында, дана өсиеттерінде. Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи оқиғалар мен фактілерді жас ұрпаққа бұрмаламай жеткізу керектігін бірнеше рет атап өтті. Осы орайда халқымыздың өткені мен бүгінін дұрыс бағалауда білікті де білімді тарихшылардың рөлі зор болмақ, – деді Нұрлан Ноғаев.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 900-ге жуық тарих пәнінің мұғалімі еңбек етсе, оның 30-ы колледждерде, қалғандары жалпы білім беру мекемелерінде сабақ береді.

Форум аясында жалпы білім беру ұйымдарында тарих пәнін оқыту әдістемесіндегі жаңалықтар, пәндік олимпиадалар мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жолдары, жоғары оқу орындары мен колледждерде тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.