Елімізде әзірленіп жатқан қалалар аумағын жоспарлаудың жаңа стандарттары Ақтаудың бас жоспарына негіз бола алады

Елімізде әзірленіп жатқан қалалар аумағын жоспарлаудың жаңа стандарттары Ақтаудың бас жоспарына негіз бола алады

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті. Оның айтуынша, Ақтау қаласының әкімдігі жергілікті және республикалық бюджет, қарыздар мен жеке инвестициялар сияқты түрлі көздерден қаржыландырылатын орам/ауданаралық жоспарды әзірлеп, бекітіп, инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңғыртудың кешенді тәсілін дайындауы тиіс. «Қалаларда өмір сүруге жайлы жағдай жасау үшін олардың құрылысына бірыңғай талаптар енгізу қажет. Қазір біз әзірлеп жатқан қалалар аумағын жоспарлаудың жаңа стандарттарында бірыңғай талаптар көзделеді. Кейін олар бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына негіз болады», - деп атап өтті ол. Бұдан бұрын да хабарланғандай, Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, Ақтау қаласын дамытудың жаңа тұжырымдамаларын әзірлеуге кірісті. Жаяу жүргіншілер аймақтары мен велосипед инфрақұрылымын дамыту, жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру, тұрғын үйлерді, ескірген жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілерін жаңғырту, сондай-ақ аулаларды абаттандыру жобаның басым бағыттары болады. Урбанистердің алдын ала есептері бойынша Ақтау аумағының трансформациясы нәтижесінде жаяу жүргіншілер саны орта есеппен 30%-ға артып, дүкендер айналымы 17%-ға өседі. Қауіпсіз жол инфрақұрылымын жасау қағидаттарын ескере отырып, көшелерді жаңарту көлік отынын тұтынуды 30% қысқартады. Ал велосипед жолы құрылысына салынған әрбір теңге бизнестің іргелес инфрақұрылымына 8 теңге табыс әкеледі. Қоғамдық кеңістіктер мен жасыл инфрақұрылым бизнес объектілерінің салық түсімдері мен кірісінің артуына, азаматтардың денсаулығын және экологиялық ортаны жақсартуға, қоғамдық көлікті дамытуға ықпал етеді.