Маңғыстау облысында полимерлік қаптама шығаратын зауыт ашылды

Маңғыстау облысында полимерлік қаптама шығаратын зауыт ашылды

Бүгін, 15 желтоқсанда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында аумағында полимерлік қаптама шығаратын жаңа зауыт іске қосылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кәсіпорынның ашылу салтанатына жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев жиналғандарды Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен және зауыттың ашылу салтанатымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
Шара барысында «Достық Полимер Плюс» ЖШС компаниясының басшысы полимерлі қаптама өндірісінің технологиялық процесімен таныстырды. Жылына 380 тонна полимерлік қаптама шығаруға қауһарлы зауытқа 300 млн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Жаңадан 32 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жоба өңірдің тамақ өнеркәсібін дамытуға, сондай-ақ, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын ілгерілетуге серпін бермек.
Айта кетсек, бүгінгі таңда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында мұнай өндіру, өңдеу, құрылыс, көлік және логистика, туризм нысандарын салу мақсатында 19 жоба сәтті іске асырылып жатыр.
Аймақ құрылған 18 жылда АЭА аумағына әлемнің 7 елінің, соның ішінде Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Сингапур, Түркия, Германия, Иран және жергілікті инвесторлар 244 млрд. теңге инвестиция салды. Осы жылдар ішінде 395 млрд. теңгеге жуық өнім өндіріліп, қазынаға 52,1 млрд. теңге сомасында салық төлемдері төленді. Жаңадан 3000-нан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.