Нұрлан Ноғаев Yessenov University 45 жылдық мерейтойымен құттықтады

Нұрлан Ноғаев Yessenov University 45 жылдық мерейтойымен құттықтады

Бүгін, 2 желтоқсанда Маңғыстауда Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 45 жылдық мерейтойы аталып өтті. Оқу орнының айтулы датасы шеңберінде «Жаңа мағыналар» атты форум ұйымдастырылды, оған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қатысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Жиынға еліміздің ЖОО ректорлары, Каспий мемлекеттері қауымдастығының ректорлары, салалар бойынша пікір көшбасшылары,  стейкхолдерлер, жоғары білім сарапшылары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен студенттер қатысты.

 

Мерейтойдың ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың бейнеқұттықтауы көрсетіліп, бірқатар ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

 

Университет ұжымы мен студенттерін мерейтойымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады. Ол ғылым мен тәжірибе үйлесім тапқан кезде университет қабырғасынан білімді, білікті, заманға сай мамандар шығатынын айтты. 

 

- Біз өңір үшін кадрлар даярлауға ерекше назар аударуға тиіспіз. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы, экология және туризм саласындағы мамандар сұранысқа ие. Университеттің оқу құрамы қазіргі заманғы трендтер мен жаһандану саясатын ескере отырып, студенттерге сапалы және бәсекеге қабілетті білім беру тиіс. Облыстағы ауыз су тапшылығына қатысты мәселені ғылым мен білікті мамандардың тәжірибесі арқылы шешетін уақыт жетті. Біз ғылыми тәсілмен жағдайды жақсы жаққа өзгерте алатын мамандар осы университеттің қабырғасынан шығатынына сенімдіміз, - деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетсек, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің іргетасы 1976-1983 жылдары Маңғыстау өңірінде тұңғыш жоғары оқу орны ретінде қаланды.

Университетте білім беру, инжиниринг, бизнес және құқық, теңіз академиясы, Ғылым және технология, туризм және тілдер сынды 6 факультет пен бір колледж жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда ЖОО-да барлығы 8363 студент білім алуда, оның ішінде 800 шетел азаматтары. 2020 жылмен салыстырғанда биылғы оқу жылында білім алушылар саны 20% - ға артты. Соңғы 6 айда университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 92 пайызды құрады.