Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтауы

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтауы

Құрметті маңғыстаулықтар, қадірлі жерлестер!

Сіздерді мемлекеттік мерекеміз 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіз еліміздің әлем картасында өз орнын алып, жер-жаһанға танылуында оның іргетасын қалап, шекарасын шегендеген Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі орасан зор.

Елбасы – татулығымыздың, береке-бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың келбеті іспеттес. Қазақ тарихындағы ақылмен, парасаттылықпен басқарған хандардың сара жолымен, сындарлы саясатымен егеменді елімізді басқарған, жаңа тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орны ерекше. Сондықтан да, Тәуелсіздік туы желбіреген 30 жылда қол жеткізген зор жетістіктеріміздің бәрінің бастауында Елбасы тұр деп мақтанышпен айта аламыз.

​Азаттықтың алауын жағып, Тәуелсіздіктің тұсауын кескен, қазақ жұртын әлемге бейбітсүйгіш ел, толерантты ұлт ретінде танытқан Елбасы тарихта қалатыны аян. Елбасымыздың толассыз еңбегі мен көреген де сарабдал саясатының арқасында жеткен жетістіктер көз алдымызда.

Ұлт көшбасшысы – Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның символы, ел тәуелсіздігін қалыптастырған ұлы тұлға болып мәңгі тарихта қалары сөзсіз.

Құрметті жерлестер!

​Бүгінде Елбасының сындарлы саясатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  жалғастырып,  ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарда көзделген межелерге жету жолын айқындап берді. Баршаңызды Ұлы даланы Мәңгілік елге айналдыруды мақсат еткен Тұңғыш Президентіміздің идеясы аясында бірігіп, сүйікті еліміздің әлемдегі аса қуатты мемлекет болуына аянбай еңбек етіп, бірлігімізді одан әрі сақтауға шақырамын.

​Сіздерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

​Мемлекетімізде бейбітшілік пен ынтымақ мәңгі орнасын!

 Ізгі тілекпен,

Маңғыстау облысының әкімі

Нұрлан Ноғаев