Маңғыстау облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр

Маңғыстау облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Комиссия құрамына ғалымдар, тарихшылар, мұрағатшылар, мемлекеттік мекеме басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді. Комиссия жанынан құрылған 9 жұмыс тобы 3491 адамның тізімін анықтаған. Алдағы уақытта бұл тізім мемлекеттік комиссияға жіберіледі. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржігіт Хайруллаевтың айтуынша, жұмысшы топтар келер жылы дала экспедициясына шығады.

- Енді саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық жылдары құрбан болған азаматтардың жерленген жерлерін анықтау мақсатында өңірдегі діни орындар, мешіттер, шіркеулер, қорымдар, ескі зираттардың тарихын зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Мамандар жергілікті тұрғындармен, өлкетанушылармен сұхбаттасатын болады, - деді ол.

Облыс әкімі саяси қуғын-сүргінге қатысты барлық ақпараттарды жан-жақты зерделеуді тапсырды.

- Ел Президенті саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде міндет қойды. Бұл біздің қасиетті міндетіміз. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарының жарқын болашағы үшін әділдік салтанат құруы тиіс. Жұмыс топтары ұйымдастыру, ақпараттық және талдау жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың барлық өтініштерін зерделеуі тиіс, - деп түйіндеді Нұрлан Ноғаев.