Иран инвесторлары Ақтауда фармацевтикалық фабрика құрылысын бастауға дайын екендіктерін жеткізді

Иран инвесторлары Ақтауда фармацевтикалық фабрика құрылысын бастауға дайын екендіктерін жеткізді

          Бүгін, 11 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ирандық «NIAK» компаниясының делегациясын қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

        Екі жақты кездесуде «NIAK» компаниясының құрылтайшысы Хьюман Байат Ақтаудағы арнайы экономикалық аймағында фармацевтикалық фабрика жобасын жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

         Инвесторлар төрт кезеңнен тұратын жобаға 40 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құймақ. Алғашқы кезеңін биыл жыл соңына дейін іске қосуды көздеп отыр. Қазір «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағымен келісім-шарт жасасып, кәсіпорынның құрылысы үшін жер берілді. Сонымен қатар дайын ғимарат беру де жоспарлануда.

         Кәсіпорында айына 2 млн құты дезинфекциялық құралдар шығарылмақ. Атап айтқанда антисептик, йод, дәке мен бетперделер өндіріледі.  Жоба толық іске қосылған соң 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

         Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін және жаңа жұмыс орындарын құратын мұндай бастамаларды қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.