Нұрлан Ноғаев қысқы мал азығы қорын қалыптастыруда бақылауды күшейтуді тапсырды

Нұрлан Ноғаев қысқы мал азығы қорын қалыптастыруда бақылауды күшейтуді тапсырды

         Мұнайлы ауданында мал азығын өндіретін қос кәсіпорын бар.  «Сауқымбек» ЖШС-не қарасты ұнжарма зауыты «Каспий» ӘКК арқылы 250 миллион теңге қаржы алып, жемнің қыстық қорын жасақтауға кірісті. Ал, құрылысы аяқталуға жақын құрама жем зауыты  келер жылы толық қуатта жұмысын бастамақ. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Мұнайлы ауданына барған жұмыс сапары барысында аталған зауыттардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

         Осыдан 4 жыл бұрын іске қосылған ұнжарма зауыты жақын күндері  кебек жемінің көлемін арттырмақ. Тәулігіне өндірілетін кебек көлемі 700 қаптан 1800-ге көбейеді. Жемнің қыстық қорын жасау үшін комбинатқа «Каспий» ӘКК арқылы 250 млн теңге, ал ұн бағасын тұрақтандыру үшін 120 млн теңге қаржы берілді. Келісім бойынша комбинат Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған және Қарақия аудандарының шаруаларына нарықтағыдан кемінде 10% төмен бағада кебек жемін сатуы тиіс. Кәсіпорында 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  

         Ал «Жамалбек» ЖШС-не қарасты құрама жем зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір темір жол станциясына дейінгі шойын жолы (жд) салынуда. Зауытқа қажетті барлық инфрақұрылымды жергілікті атқарушы орган жүргізіп берді. Зауыт әзірге Түпқараған ауданындағы құс фабрикасына қажетті құс жемін өндіруде. Барлық жұмыс қолмен атқарылуда. Кәсіпорын толық қуатта жұмысын бастаған соң облыстағы төрт түлікке қажетті мал азығын өндіруді жоспарлап отыр. Қуаттылығы сағатына 10 тоннаны құрайды.

       Бүгінде Мұнайлы ауданы бойынша 178 шаруа қожалығы, 438 үй шаруашылығы, 44 егін шаруашылығы және 3 кооператив бар.

        «Жасыл дәліз-2» бойынша ауданда  33 121 мал басы бірдейлендіру дерекқорына тіркелген.  

        Мұнайлы ауданында қысқа жем дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданға шөп жеткізу бойынша 2 оператор тағайындалды, олар «Каспий» ӘКК арқылы 50 және 30 млн.теңге мөлшерінде жеңілдікті кредиттер алды. Қазіргі уақытта Ақтөбе және Қостанай облыстарынан 675 тонна шөп дайындалды. Ауданға азық жеткізу үшін «Саукымбек» ЖШС 46 млн.теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл оператор қыс мезгіліне 455 тонна жем жеткізуі керек. Аудан әкімі Рахат Елтизаровтың айтуынша, 136 ірі шаруа қожалығына Үкімет резервінен ішінара қаржылық қолдау көрсетілді.

         Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев ауылшаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасары Ғалымжан Ниязовқа алыпсатарлыққа жол берілмей, жем-шөптің қысқы қорын қалыптастыруда бақылауды күшейтуді тапсырды.