Маңғыстауда «Каспий порттары және кеме қатынасы-2021» Халықаралық конференциясы ашылды

Маңғыстауда «Каспий порттары және кеме қатынасы-2021» Халықаралық конференциясы ашылды

         Бүгін, 20 қазанда, өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен "Каспий порттары және кеме қатынасы-2021" халықаралық конференциясы мен көрмесінің ашылуы өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

        Шара барысында Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдарын дамытуға бағытталған шешімдерді іздеу мәселелері талқыланды.

        Маңғыстау өңірі барлық көлік түрлерінің болуы есебінен қуатты транзиттік және көліктік-логистикалық әлеуетке ие. Бүгінде еліміздің жалғыз теңіз қақпасы арқылы біздің мемлекетіміздің ғана емес, сондай-ақ осы көлік бағытын қалайтын басқа да елдердің экспорттық жүгі өтеді. Сондықтан теңіз порттарын дамыту басым бағыт болып табылады.

        Теңіз көлік инфрақұрылымының маңызды нысаны ТРАСЕКА, Солтүстік – Оңтүстік және ТХКБ, Қытай - Еуропа халықаралық дәліздерінің қиылысында орналасқан Каспийдегі Ақтау теңіз порты. Порт жылына 5,2 млн тонна көлемінде құрғақ жүк пен 12,5 млн тонна көлеміндегі шикі мұнайды өткізуге қауқарлы.

       "Нұрлы жол" бағдарламасы мен Қазақстанның транзиттік стратегиясын дамыту нәтижесінде Ақтау портына маңызды транзиттік жүктерді тартуға мүмкіндік беретін көлік бағыттары әзірленді. Мәселен, соңғы 5 жылда Қазақстан аумағы арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүктер ағыны 100 есеге жуық өсті.

         Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту мақсатында Ақтау теңіз Солтүстік терминалы іске қосылды. Жыл басынан бері Солтүстік терминал арқылы жүк тасымалдау көлемі 813,5 мың тоннаны құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57% - ға артық. 2023 жылға қарай жүктерді ауыстырып тиеу көлемін 2,3 млн.тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

        Тағы бір дамып келе жатқан теңіз порты-Құрық порты. Жүктерді мульти модальды тасымалдауды қамтамасыз ететін Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды буыны. Бұл Еуразияның перспективалы көлік дәліздерінің бірі, ол Қытайдан Қазақстан аумағы, Каспий теңізі акваториясы, Әзірбайжан және Грузия арқылы өтіп, кейіннен Еуропа елдеріне шығады.

        Портта "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы теміржол және автомобиль айлақтарын құрайтын паромдық кешен іске қосылды. Теміржол айлағының өткізу қабілеті жылына 4,1 млн. тонна. Автомобиль айлағы жылына 1,9 млн. тонна жүкті өңдеуге мүмкіндік береді. Егер 2020 жылы екі айлақ арқылы жүк көлемі 1,6 млн.тоннаны құраса, 2021 жылдың 9 айында портта шамамен 600 мың тонна жүк тиелді. Құрық портын дамыту тұжырымдамасы шеңберіндегі инвестициялар болжамы 2030 жылға дейін 120 миллиард теңгені құрайды.


          Өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде Маңғыстау облысы өңірдің көліктік-логистикалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Экономикалық даму жоспарын жүзеге асыру бойынша Елбасы мен ел Президенті қойған міндеттерді орындау үшін жұмыс істеп жатқанын айтты. Нұрлан Ноғаев заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру өңір экономикасына оң мультипликативті әсер ететінін және жергілікті атқарушы органдар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін толық іске асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.