Нұрлан Ноғаев: Біздің басты міндеттеріміздің бірі – өңір экономикасын әртараптандыру

Нұрлан Ноғаев: Біздің басты міндеттеріміздің бірі – өңір экономикасын әртараптандыру

          19 қазан күні Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

       Жиында Нұрлан Ноғаев «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға бақылауды күшейтуді тапсырды.


- «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандардың барлығы сапалы болуы қажет және халықтың сұранысына жауап беруі тиіс. Біз оларды салтанатты ашылу рәсімін өткізу үшін емес, тұрғындардың жайлылығы үшін салып жатырмыз. Сондықтан жүйелі жұмыс жүргізілуін қамтамасыз етуіміз керек, -деп нақтылады Нұрлан Ноғаев.

       Сондай-ақ, өңір басшысы жергілікті атқарушы органдар алдында тұрған басты міндеттердің бірі - экономиканы әртараптандыру екенін атап өтті.

- Біз өңірде мұнай мен газ өндірісінің көбейіп жатқанын өз еңбегіміз деп ойламауымыз керек. Бұл жұмысты мұнай-газ саласының қызметкерлері атқарады, мұнайшылардың еңбегі. Біздің басымдық беретін салаларымыз бар. Атап айтқанда өңірдің туристік әлеуетін, кәсіпкерлік ортаны, ауыл шаруашылығын, IT саланы және т.б. дамытуға жұмыстануымыз керек, - деді облыс әкімі.

         Бұдан бөлек жиында көліктік-логистика саласын дамыту мәселесі де көтерілді. Ел көрсеткіші бойынша Маңғыстау облысындағы автожолдардың 94% қанағаттанарлық деңгейде. Алайда, тұрғындардан қала, ауылішілік жолдардың сапасына қатысты наразылықтарын әлеуметтік желіде білдіріп жатыр. 


- Жолдың жағдайына байланысты тұрғындардан көптеген шағымдар келіп түсуде. Қаражатты игеру үшін ғана сапасына қарамай жобаны қабылдаудың қажеті жоқ. Барлық деңгейдегі әкімдер мен мемлекеттік орган басшылары бұл үшін жеке жауапты болады, - деді Нұрлан Ноғаев.

           Жиын соңында облыс әкімі жауапты тұлғаларға автожол бойындағы сервисті дамытуға, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық көліктің қолжетімділігін жақсартуға, «Сергек» заманауи бейнебақылау жүйелерін енгізу арқылы қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыруға, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға т. б. қатысты бірқатар тапсырмалар берді.