С.ТРҰМОВ: «ТОЙ-САДАҚАНЫ ТҮГЕЛ ТОҚТАТУ КЕРЕК!»

С.ТРҰМОВ: «ТОЙ-САДАҚАНЫ ТҮГЕЛ ТОҚТАТУ КЕРЕК!»

Облыс әкімі рейд шараларының әлсіз жүріп жатқанын сынға алды

Ақтауда коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау жөніндегі өңірлік штабтың кезекті отырысы өтті.

Эпидемиологиялық жағдай жайында баяндаған облыс әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова ауру жұқтырғандар санының күн сайын көбейіп жатқанын айтты.

«Жағдай қиын. Ауыр халдегі науқастардың саны өсуде. Бір тәулік ішінде 267 инфекция жұқтырғандар анықталды. Соңғы екі күнде 24 адам қайтыс болды. Облыстың 15 стационарында 944 адам емделуде. Шілде айының басында шамамен 200 адам ауырған болса, айдың соңына таман ауырғандар саны 5 есе өсті. Ауырғандардың 99% -ы коронавирус инфекциясына қарсы екпе алмағандар екенін атап өткен жөн»,-деді Г.Қалмұратова.

Облыстағы стационарларда 2 673 инфекциялық және 138 реанимациялық төсек-орын бар. Инфекциялық төсектер - 52%-ға, реанимациялық төсектер - 74%-ға дейін толы.

Бүгінде Маңғыстауда 120 мобильді бригада жұмыс істеуде. Аталған бригадалардың көмегімен 44 980 пациент үйде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, 72 мыңға жуық симптомсыз адамға қоңырау шалынып, көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта 5 969 азамат байланыста болғандар ретінде амбулаториялық бақылауға алынған.

Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Өңір басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысын күшейтуді тапсырды.

«Ауру анықталды ма, тездетіп емдеу керек. Кейбір азаматтардың дәрігерлердің бақылауымен емделуді қаламағанына қарамастан, ауыр жағдайға жеткізбей, ауруды ерте кезеңдерде анықтау қажет. Яғни, облыстың әрбір тұрғынымен байланыс орнатып, жұмыс жүргізу керек. Тәуекел тобындағы науқастарды, әсіресе қарт адамдарды бақылау қажет. Азаматтарға өзін-өзі емдеудің зияны туралы жеткізу маңызды», - деді С.Трұмов.

Облыс әкімі мониторинг топтарының жұмысын да сынға алып, рейд шараларын барынша күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстарға «Нұр Отан» партиясын, мәслихат депутаттарын, полиция қызметкерлері мен барлық жергілікті атқарушы органды жұмыла кірісуге шақырды.

«Адамдар тойға бармағаннан өлмейді, керісінше, тойға барып, вирус жұқтырғаннан өледі. Адамдар сол жерде жиналып, бір-біріне ауру жұқтырады. Біреудің өмірін сақтап қалуға үлес қосуымыз қажет. Біз бұл бағытта бірлесе әрекет етіп, жұмысты күшейтуіміз керек»,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Сарапшылар тек ұжымдық иммунитет жағдайды нығайтып, халықтың денсаулығына жүктемені айтарлықтай төмендетеді деп бірнеше рет айтқан болатын. Бүгінгі таңда 95 086 өңір тұрғыны I компонентпен, 55 333 адам II компонентпен егілді. Бұл облыс халқының 30% - ынан сәл артық.

«Барлық орынбасарлар мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырамын. Халыққа вакцинациялаудың маңыздылығын түсіндіру керек. Екпенің көмегімен ғана біз отбасымызды әлемді жайлаған індеттен құтқара аламыз», - деді С.Трұмов.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі