МАҢҒЫСТАУДА МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

МАҢҒЫСТАУДА МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиында бірқатар дәрігерлер қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек Ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан 20 медициналық мекемеге 100 000 теңгеден сертификат тапсырылды.

Аймақ басшысы дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, қатерлі індетке қарсы арпалыстың алдыңғы шебінде жүрген мамандарының табанды еңбектеріне табыс тіледі.

«Осы айтулы күнде барлық дәрігерлеріміз бен мейірбикелерге, техникалық қызметкерлерге алғыс айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Адам өмірін қорғауда өз басын қатерге тігіп жүрген жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді. Бұл жетістіктер – бүгінгі таңда қызмет атқарып жатқан бір жарым мың дәрігер мен 6 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Олардың ішінде өз қызметіне адал, білімді дәрігерлер мен мейірбикелер аз емес»,- деді С.Трұмов.

Тәуелсіздік алғалы бері Маңғыстау облысында 150-ден астам денсаулық сақтау нысаны іске қосылған. Озық үлгідегі Ана мен бала үйі, қан орталығы, кардио хирургия орталығы ашылып, ем алу үшін алысқа сабылатын тұрғындарға облыс аумағында емделіп, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік туды. Былтыр жедел-жәрдем автопаркі 100%-ға жаңарып, талапқа сай, қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталған жаңа көліктер салып алынды.

Ақтау қаласының шағын аудандарында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша жаңа медициналық орталықтар ашылды. Онда тұрғындардың ем қабылдап, диагностика жасауы үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен зерттеуден өтуге, қажетті талдауларды тапсыруға, емшара кабинетінің қызметтерін алуға болады.

Өңірде осы жылы көпсалалы балалар ауруханасында шұғыл балалар хирургиясының бөлімі ашылды. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі инновациялық құрылғылармен жабдықталған бұл бөлімше мыңдаған баланың өмірін сақтайтын орталыққа айналмақ.

Облыста ана мен бала өмірін қорғау бойынша да кешенді жұмыстар жасалуда. Биыл табиғи өсім бір жарым есеге артып, 5 айда 9 мыңнан аса бала дүниеге келді. Ана өлімі тіркелген жоқ.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі