ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен VII сайланған облыстық мәслихаттың бірінші сессиясының отырысы өтті. Жиында Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов 10 қаңтар күні өткен Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттарының кезекті сайлауы бойынша ақпарат беріп, жаңадан сайланған депуттардың жұмысына сәттілік тіледі.
Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының жұмысы Қазақстан Республикасының Конституциясына және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының барлық талаптарына сәйкес жүргізілді.
Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жалпы санының жеті және одан артық пайыз дауыстарын алған саяси партиялар арасында облыстық мәслихаттың депутаттық мандаттардың келесідей бөлінуі анықталды:
«Nur Otan» партиясы – 26 мандат;«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 3 мандат; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 3 мандат.
Мәслихат құрамына енгендер қатарында кәсіпкерлер, еріктілер қоғам қайраткерлері бар. Хатшы болып бұған дейін осы қызметті атқарып келген Нури Тұмышев тағайындалды. Бірінші отырыста жаңа құрам жіті таныстырылып, депутат куәліктері үлестірілді.
Сонымен қатар жиын барысында Маңғыстау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы туралы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлбекова айтып берді. Дамуға арналған бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды. Олар: «Өңір экономикасының өсуі», « Жайлы және қауіпсіз өңір», «Өмір сүрудің жаңа сапасын қамтамасыз ету». Әр бағыттың өз мақсаттары мен оң көрсеткіштері бар. Қазіргі уақытта ауылды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл үшін ауыл аймақты әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға ықпал ететін мемлекеттік бағдарламалар белсенді іске асырылатын болмақ.
Сессия соңында өңір басшысы Серікбай Трұмов бұрынғы депутаттық құрамда жемісті және белсенді еңбек еткен депутаттарға қиын кезеңде елмен бірге болып, жұмыс жасағандары үшін алғысын айтып, жаңа сайланған құрамға сәттілік тіледі.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі