Маңғыстау мен Малайзия ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Маңғыстау мен Малайзия ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Малайзияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохд Адли бин Абдулламен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Малайзия тарапы Маңғыстаудың мұнай-газ, логистика, туризм және энергетика салаларындағы әлеуетіне қызығушылық білдірді. Елші өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін Малайзияның іскерлік қауымдастығына таныстыруға дайын екенін атап өтті.

Елші Мохд Адли бин Абдулланың айтуынша, Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары.

Өз кезегінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау мен Малайзия арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

-Малайзияда өнеркәсіп, электроника, қаржы жүйесі, химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, логистика, автокөлік, туризм, IT және білім беру салалары жақсы дамығаны бізге мәлім. Осы бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайынбыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.



Айта кетейік, 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Малайзия арасындағы сыртқы сауда айналымы 233 мың АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі - 5 мың АҚШ доллары, импорт көлемі - 228 мың АҚШ доллары.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі