Маңғыстауда Еңбек күніне орай сала үздіктері марапатталды

Маңғыстауда Еңбек күніне орай сала үздіктері марапатталды

Бүгін, 23 қыркүйекте Ақтау қаласында «Еңбек – елдің тірегі» атты салтанатты шара өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, еңбек адамдары мен конкурс жүлдегерлерін құттықтады.

Жиынға еңбек саласының ардагерлері, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, жас мамандар және конкурс қатысушылары қатысты. Шара барысында грант алып, өз кәсібін ашқан кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылды.

Облыс әкімі өз сөзінде адал еңбектің қоғам дамуындағы маңызына тоқталып, еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу мен жастарға өнеге көрсету маңызды екенін атап өтті.

– Еңбек күні – елдің дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсететін маңызды мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік пен білімге ұмтылу – адал азаматқа тән қасиеттер. Бүгін біз өз ісінің шебері атанған еңбек адамдарын, үздік еңбек әулеттерін және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындарды марапаттап отырмыз. Олардың еңбегі кейінгі буынға үлгі болады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Салтанатты шара барысында «Еңбек жолы» және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурстарының өңірлік кезеңі қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталды.

«Еңбек жолы» конкурсы бойынша «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Үздік жас маман» номинацияларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне марапаттар табысталды.

Ал «Парыз» конкурсы аясында «Экологияға қосқан үлесі үшін», «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» номинациялары бойынша үздік кәсіпорындар анықталды.

Сонымен қатар еңбек саласында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген бірқатар азаматқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Шара соңында еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру, еңбек дәстүрлерін дәріптеу және жас ұрпаққа өнеге ету бағытындағы жұмыстардың маңызы атап өтілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі