Маңғыстауда жергілікті өндірушілерді қолдау тетіктерін кеңейту жолдары қарастырылуда

Маңғыстауда жергілікті өндірушілерді қолдау тетіктерін кеңейту жолдары қарастырылуда

Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер палатасында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Өңірлік кеңестің отырысы өтті.

Жиында кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Кәсіпкерлер палатасы тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласында жергілікті өндірушілерді қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан тәжірибені облыстың басқа аудандары мен қалаларында да қолдану ұсынылды. Бұл тәсіл жергілікті кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін тиімді пайдалануға, сондай-ақ олардың өнімдерін ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың сатып алуына кеңінен тартуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі кәсіпкерлердің бастамаларын қолдаудың және жергілікті өндірістің әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

– Өңірде кәсіпкерлікті дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған бастамаларды зерделеп, оларды іске асыру мүмкіндіктерін пысықтау. Жергілікті кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету қажет. Нәтиже көрсеткен тиімді тәжірибелерді зерделеп, олардың ауқымын кеңейту маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Облыс әкімі жауапты басқармаларға кәсіпкерлердің ұсыныстарын зерделеп, бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру бағытында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар отырыста кәсіпкерлерге қызмет көрсетуге арналған Smart Office орталығын ашу және қаржыландыру құралдарын дамыту мәселелері қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті қолдау, жергілікті өндірісті дамыту және бизнеске қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі