Маңғыстауда Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына арналған ғылыми конференция өтті

Маңғыстауда Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына арналған ғылыми конференция өтті

Бүгін, 18 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы: таным және тағылым» атты ғылыми конференцияға қатысты.

Ақтау қаласындағы Достық үйінде өткен жиын қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым, ағартушы, ұстаз әрі қоғам қайраткері Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының өмірі мен ғылыми мұрасын зерделеуге арналды.

Конференцияға тарихшылар, ғалымдар, өлкетанушылар, журналистер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, Жаңаөзен қаласының делегаттары, студенттер, сондай-ақ ғалымның ұрпақтары қатысты.

Жиында ғалымның Батыс пен Шығыс ілімдерін меңгеруі, қазақ тарихындағы орны, Иран қазақтарымен байланысы, ғылыми қызметі мен тағдыры туралы баяндамалар жасалды. Сонымен қатар Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының тарихи тұлғасын театр мен кино арқылы насихаттау мәселелері де сөз болды.

Конференцияда сөз сөйлеген облыс әкімі ғалымның білімге деген ұмтылысы мен ғылыми ізденісін атап өтті.

– Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы – Маңғыстауда дүниеге келіп, Хиуа мен Бұқара медреселерінде білім алып, кейін бірнеше елде білімін жетілдірген, бірнеше тілді меңгерген ғалым. Туған жерінің табиғи байлығын зерттеп, оның игілігін ел көрсе екен деп армандаған тұлға. Оның рухани мұрасы – парасаттылықтың, ар-намыс пен тектіліктің жарқын үлгісі. Бүгін Иран елінен арнайы келген Мұса Жоржани мырзаға ерекше алғыс білдіремін. Ғалымның мұрасын зерттеп, еңбектерін насихаттап жүргеніңіз – ортақ тарихымызға деген құрметтің белгісі, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жиын барысында Ираннан келген тарих және мәдениеттанушы ғалым Мұса Жоржани Рүстемсопыұлы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы авторлық кітабын және ғалымның ұлы Ебжан Оразмағанбетұлы аманаттаған жәдігерлерді облыс әкіміне табыстады. Жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.

Конференция соңында Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының мұрасын зерттеу мен насихаттауға үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің марапаттары табысталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі