
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында Қарақия ауданында жаңа порттық-логистикалық хаб құру жобасы жүзеге асырылуда.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапары барысында жаңа порт салынатын аумаққа барып, құрылыс жұмыстары алдындағы жобалау-зерттеу жұмыстарының қазіргі жай-күйімен танысты.
Облыс әкімі нысан аумағында жобаны жүзеге асырып жатқан қытайлық Guo You Resources Group компаниясының өкілдерімен кездесіп, жобаны іске асырудың алдағы жоспарларын талқылады.
Жоба Каспий теңізінің шығыс жағалауында заманауи көпфункционалды порттық-логистикалық хаб құруға бағытталған. Жалпы инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайды. Бірінші кезеңге 300 млн АҚШ доллары бағытталып, порт инфрақұрылымын, айлақ кешенін, контейнерлік және қойма терминалдарын, теміржол және автомобиль жолдарын салу жоспарланған.
Бірінші кезеңде порттың өткізу қабілеті жылына 6-15 млн тоннаға дейін жетеді деп жоспарлануда. Кейінгі кезеңдерде бұл көрсеткішті 25 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.
Жоба аясында 7 айлақ, шамамен 3 шақырымдық толқын тосқауыл, жалпы ұзындығы 7,5 шақырым теміржол жолдары, RO-RO және теміржол паромдық инфрақұрылымы, кеме жасау және кеме жөндеу кешені салынады.
– Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, елімізді Еуразиядағы негізгі көлік тораптарының біріне айналдыру міндетін қойды. Осы бағытта Маңғыстаудың стратегиялық маңызы ерекше. Қарақия ауданында салынып жатқан жаңа порт – өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орта дәліздің әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Инвестормен бірлесіп, жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл ретте жаңа жұмыс орындарын ашу, қазақстандық мамандарды даярлау және жобаның өңір экономикасына нақты үлес қосуы басты назарда болады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жоба толық іске қосылған кезде 600-800-ге дейін тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар қазақстандық техникалық кадрларды даярлау және порт қызметін кезең-кезеңімен жергілікті мамандарға беру көзделген.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға инвестормен бірлесіп жобаны іске асыру жұмыстарын жеделдетуді, құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды және белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі