Маңғыстау өз чемпионын ұлықтады: Жантілек Нұртілепұлы мен оның бапкеріне пәтер берілді

Маңғыстау өз чемпионын ұлықтады: Жантілек Нұртілепұлы мен оның бапкеріне пәтер берілді

Маңғыстау тарихында алғаш рет республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде жеңіске жеткен Жантілек Нұртілепұлы мен оның жеке бапкері Қайрат Иманғазиевке пәтер берілді. Тұрғын үйлер демеушілік қаражат есебінен ұсынылды.

Жантілек Нұртілепұлының тарихи жеңісі бүкіл Маңғыстау үшін үлкен оқиға болды. Ол өңір тарихында алғаш рет «Қазақстан Барысы» атанып, ұлттық күрестің басты республикалық додасында туған жерінің намысын абыроймен қорғады.

Спортшының жеңісіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары баға берді. Президент Жантілек Нұртілепұлын тарихи жетістігімен құттықтап, оның спорттық шеберлігін, рухының мықтылығын және жеңіске деген жігерін атап өтті.

Кеше Маңғыстау халқы тарихи жеңіспен елге оралған чемпионды салтанатты түрде қарсы алды. Жантілек Нұртілепұлы мен оның жеке бапкері Қайрат Иманғазиевке жеткен жетістіктеріне орай демеушілер есебінен автокөліктер де табысталды.

Ал бүгін чемпион мен оның бапкеріне пәтер беріліп, құрмет көрсетілді.

Жантілек Нұртілепұлының жеңісі – спортшының жеке жетістігі ғана емес, бүкіл Маңғыстаудың тарихи жеңісі. Бұл – көп жылғы еңбектің, тынымсыз жаттығудың және бапкердің кәсіби жұмысының нәтижесі. Жеңіс ұлттық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін беріп, жас балуандарға үлкен мақсаттарға ұмтылуға шабыт берді.

Маңғыстау өз чемпионымен мақтанады. «Қазақстан Барысы» тарихында жаңа парақ ашылды. Бұл жолы оны Маңғыстау жерінің өкілі алтын әріптермен жазды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі