
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау халықаралық әуежайында «Qazaqstan Barysy – 2026» республикалық турнирінің жеңімпазы Жантілек Нұртілепұлын қарсы алды.
Бұл – Маңғыстау үшін тарихи жеңіс. Жантілек Нұртілепұлы өңір тарихында тұңғыш рет «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алып, Маңғыстау қазақ күресін республикалық деңгейдегі беделді бәсекенің ең биік тұғырына көтерді.
Астанада өткен жарыстың финалында маңғыстаулық балуан Жамбыл облысының өкілі Ғалымжан Қырықбайдан басым түсті. «Лабақ батыр» лақап атымен өнер көрсеткен Жантілек өзінің шеберлігін, күш-қайратын, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.
Жеңімпазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Президент Жантілектің жетістігі оның жоғары спорттық шеберлігі мен жеңіске деген қайсар жігерінің нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай беделді жарыстар қазақ халқының даңқты дәстүрлерін жаңғыртып, өскелең ұрпақты ұлттық спорт түрлерімен айналысуға ынталандыратынын айтты.
«Бүгін Маңғыстау өз батыры Жантілекті қарсы алып отыр. Ол жеңісімен өңіріміздің абыройын асқақтатып, Маңғыстау спортының тарихына жаңа бетбұрыс әкелді. Бұл тарихи жеңістің Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмай, Президент тарапынан жоғары бағалануы – спортшымыздың шеберлігі мен қайсар мінезіне, сондай-ақ ұлттық спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына берілген зор баға. Бұл жеңістің артында орасан еңбек, күнделікті жаттығу мен мықты рух тұр. Жантілек, тарихи жеңісің құтты болсын! Алда әлі талай биікті бағындыратыныңа сенемін. Бүкіл Маңғыстау сені мақтан тұтады!» – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Салтанатты қарсы алу барысында жеңімпазға автокөлік табысталды. Сонымен қатар спортшының жеке бапкері Қайрат Иманғазиевке де автокөлік берілді.
Жантілек Нұртілепұлының тарихи жеңісі – бүкіл өңір үшін айтулы оқиға. Бұл жетістік қазақ күресін дамытуға, ұлттық спортты кеңінен насихаттауға және жас спортшыларды қолдауға жаңа серпін берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі