
Бүгін, 12 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапары барысында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағына барып, өнеркәсіп және логистика салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Сапар барысында құрылыс қарқынына, белгіленген мерзімдердің сақталуына, жұмыстардың сапасына және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу перспективаларына ерекше назар аударылды.
Негізгі нысандардың бірі – болат құбырлар мен металл бұйымдарын өндіруге бағытталған «Каспий құбыр зауыты» ЖШС жобасы. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 25,7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққан кезде жылына 55 мың тоннаға дейін құбыр өндіру жоспарлануда. Нысанды 2027 жылдың II тоқсанында пайдалануға беру көзделген.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында өндірістік цехтың металл конструкциялары мен сэндвич-панельдерін монтаждау, технологиялық жабдықтарға арналған іргетастарды бетондау, электр монтаждау және инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Қажетті өндірістік жабдықтардың бір бөлігі нысанға жеткізілген.
Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік базасын кеңейтіп, отандық өнім көлемін арттыруға және өндіріс саласында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «Eurasia Supply Chain Aktau» ЖШС Еуразиялық жеткізу тізбегі базасының қызметімен де танысты.
Логистикалық кешен «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағындағы 22,7 гектар жер учаскесінде орналасқан. Жобаға салынған инвестиция көлемі 10 млрд теңгені құрайды. Базаның қуаттылығы бір мезетте 5 мыңға дейін жиырма футтық теңіз контейнерін сақтауға мүмкіндік береді. Оның аумағында транзиттік кеден қоймасы мен халықаралық контейнерлік терминал жұмыс істейді.
Жоба Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға және халықаралық жүк бағыттарын дамытуға бағытталған. Негізгі міндеті – Каспий өңірі арқылы Шығыс Азия елдері мен Еуропа арасындағы тиімді логистикалық байланысты қалыптастыру.
Бірінші кезеңде логистикалық желі Қазақстан, Ресей, Түрікменстан, Иран және Әзербайжан елдерін қамтиды. Алдағы уақытта географиясын Беларусь, Өзбекстан, Грузия, Түркия және Ирак бағыттарына кеңейту жоспарланған. Орта және ұзақ мерзімді перспективада Болгария, Румыния және Украина сияқты Шығыс және Оңтүстік Еуропа елдерінің нарықтарына шығу көзделген. Нысан 2026 жылдың наурыз айында пайдалануға берілді.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Нұрдәулет Қилыбай құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, жобаларды іске асыру қарқынын төмендетпеуді және жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс аяқталғаннан кейін өндірістік және логистикалық қуаттарды тиімді іске қосу қажеттігін атап өтті.
«Ақтау теңіз порты» АЭА-ны дамыту – Маңғыстау облысының өнеркәсіптік және транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтудың негізгі бағыттарының бірі. Жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуы өндіріс көлемін арттыруға, халықаралық көлік байланыстарын кеңейтуге, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі