9 тамызда Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлеріне арналған «112 Resort Aqtau» демалыс базасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы қатысты.
Салтанатты жиында Тілек Жеткізгенұлы құтқарушылар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтап, нысанның әлеуметтік маңызына тоқталды.
– Құтқарушылар мен төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері кез келген уақытта азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға дайын тұрады. Олардың еңбегі үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Бүгін ашылып отырған демалыс базасы – осы сала мамандары мен олардың отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Мұнда қызметкерлердің тынығып, күш-қуатын қалпына келтіруіне және отбасымен бірге уақыт өткізуіне барлық жағдай жасалған. Жаңа нысан азаматтық қорғау қызметкерлерінің игілігіне қызмет етсін, – деді Тілек Жеткізгенұлы.
Іс-шара барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан бірқатар қызметкерлер мен кәсіпкерлер Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Сонымен қатар «112 Resort Aqtau» демалыс базасының алғашқы демалушыларына арнайы сертификаттар мен төсбелгілер табысталды.
«112 Resort Aqtau» демалыс базасы Ақтау қаласының Жылы жағажай аумағында, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан. Нысанның құрылысы 5 гектар аумақта 2025 жылғы 6 желтоқсанда басталған.
Жоба аясында жалпы 45 капсулалық үйшік орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта бірінші кезең бойынша демалушыларға арналған 7 капсулалық үйшік, құтқарушыларға арналған 1 капсулалық үйшік, балалар мен ересектерге арналған бассейндер, әкімшілік ғимараты, кафе, барбекю аймағы, автотұрақ, балалар ойын алаңы және пирс пайдалануға дайын.
Әр капсулалық үйшік 4 адамға – 2 ересек және 14 жасқа дейінгі 2 балаға арналған. Үйшіктер қажетті тұрмыстық техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Демалыс базасы электр, газ және сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және кірме жолдар секілді қажетті инфрақұрылыммен қамтылған.
Салтанатты рәсім соңында қонақтар нысанның лентасын қиып, демалыс базасының аумағы мен инфрақұрылымымен танысты.
Жаңа демалыс базасы Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сапалы демалысын ұйымдастыруға және олардың отбасыларымен бірге уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі