
Бүгін, 22 шілдеде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданындағы жаңа «Шетпе» теміржол вокзалы ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.
Жаңа вокзал кешенінің құрылысы мен оған іргелес аумақты абаттандыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілді.
Салтанатты шарада өңір басшысы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту облыстың көлік-логистикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, тұрғындар мен өңір қонақтары үшін жайлылық пен қауіпсіздіктің жаңа деңгейін қалыптастыратынын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде теміржол вокзалдарын кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау облысы да бұл жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Бүгін біз маңызды оқиғаның – жаңа «Шетпе» теміржол вокзалының ашылуының куәсі болып отырмыз. Бұл – Маңғыстау ауданының заманауи көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысан әрі өңірдің өзіндік көлік визит картасына айналады. Көп жылдар бойы «Шетпе» вокзалы мыңдаған жолаушыны қарсы алып, шығарып салды. Бүгінде ол заманауи сапа, қауіпсіздік және қолжетімділік стандарттарына сай толықтай жаңарды. Теміржол – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі, ал вокзал – өңір туралы алғашқы әсер қалыптастыратын нысан. Жаңа вокзал ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет етіп, әрбір жолаушыға қолайлы жағдай жасайтынына сенімдімін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жобаны іске асыру нәтижесінде вокзал ғимаратының аумағы бес еседен астам ұлғайып, 201,2 шаршы метрден 1 103 шаршы метрге дейін жетті. Нысанның өткізу қабілеті тәулігіне 100 жолаушыдан 200 жолаушыға дейін екі есеге артты. Бұл қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартып, жолаушылар тасымалын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Қайта жаңғырту барысында құрылыс-монтаж және әрлеу жұмыстарының толық кешені жүргізіліп, инженерлік желілер жаңартылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, ауданы 2 100 шаршы метр жаңа жолаушылар перроны салынды, берік жабын төселді, қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған тактильді тақталар орнатылды. Сонымен қатар аумақ абаттандырылып, заманауи навигация элементтері қойылды. Жұмыстарды «Zangar SG» ЖШС орындады.
«Шетпе» вокзалын жаңғырту Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып саналады. Республика бойынша барлығы 125 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Маңғыстау облысында «Шетпе» вокзалынан бөлек, «Маңғыстау» және «Бейнеу» вокзалдарын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда.
Теміржол инфрақұрылымын жаңарту өңірдің көлік жүйесін дамытуға, халықтың мобильділігін арттыруға және ұлттық қызмет көрсету сапасы стандарттарына сай жолаушылар үшін заманауи жағдай жасауға елеулі үлес қосады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі