
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасын салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, отандық денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан елеулі үлесі, ұзақ жылғы адал еңбегі және халық денсаулығын сақтау ісіндегі жоғары жетістіктері үшін медицина саласының ардагері Сүлеймен Бердәулетов «Парасат» орденімен марапатталды.
Салтанатты рәсімде өңір басшысы мемлекеттік награданы табыстап, Сүлеймен Бердәулетовтің саналы ғұмыры адам өміріне адал қызмет етудің, дәрігерлік парызға деген шексіз жауапкершіліктің және таңдаған мамандығына деген кіршіксіз адалдықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Нұрдәулет Қилыбай Сүлеймен Бердәулетовтің Маңғыстау облысындағы заманауи денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі екенін айтты. Оның өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге, жоғары білікті мамандар даярлауға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға сіңірген еңбегі айрықша. Сондай-ақ оның бастамасымен өңірде онкология, эндоскопия, гемодиализ және эндобейнехирургия сияқты стратегиялық маңызды бағыттар қарқынды дамып, медициналық қызметтің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашылды.
Сүлеймен Бердәулетов отандық медицина саласына 60 жылдан астам ғұмырын арнады. Әр жылдары Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарып, облыстық ауруханаға жетекшілік етті. Оның бастамасымен өңірде компьютерлік және магниттік-резонанстық томография технологиялары енгізіліп, денсаулық сақтау саласына қажетті мамандар даярлайтын «Мейірбике» медициналық колледжі ашылды. Бүгінде бұл білім ордасы өңірдің денсаулық сақтау жүйесін білікті кадрлармен қамтамасыз ету ісін табысты жалғастырып келеді.
«Парасат» ордені – Сүлеймен Бердәулетовтің отандық денсаулық сақтау саласының дамуына, Маңғыстау өңірінде заманауи медицинаның қалыптасуына және халық денсаулығын қорғау ісіне сіңірген көпжылдық қажырлы еңбегі мен жоғары кәсібилігіне берілген лайықты баға.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі