«Таза Қазақстан»: Ақтаудағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында 3 тонна қоқыс жиналды

«Таза Қазақстан»: Ақтаудағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында 3 тонна қоқыс жиналды

Бүгін, 11 шілдеде Ақтау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында республикалық «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының екінші кезеңі өтті.

Акцияның негізгі алаңы Ақтау қаласының 15-шағынауданындағы «Самал теңізі» жағалауы болды. Мұнда Каспий теңізінің жағалауын тазарту бойынша ауқымды жұмыстар ұйымдастырылды. Экологиялық шараға Маңғыстау облысы әкімдігі аппаратының қызметкерлері, аумақтық департаменттер мен мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар, еріктілер, қоғамдық белсенділер және қала тұрғындары қатысып, жалпы саны 500-ге жуық адам атсалысты. Нәтижесінде Каспий теңізінің жағалауынан шамамен 3 тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаментінің басшысы Серікжан Бекетаев пен Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қатысты.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаментінің басшысы Серікжан Бекетаев су нысандарын сақтау мемлекеттік экологиялық саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бүгін Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында республикалық «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын өткізуде. Акция еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде ұйымдастырылып, су айдындары мен жағалау аумақтарын тазартуға, су ресурстарын сақтауға және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Бүгінгі іс-шара Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің бірегей табиғи байлығы саналатын Каспий теңізінің жағалауында өтіп жатыр. Каспийді сақтау мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерін, сондай-ақ әрбір азаматтың табиғатқа жанашырлықпен қарауын талап етеді, – деді ол.

Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов мұндай экологиялық шаралар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамда табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға да ықпал ететінін айтты.

– Бүгін 500-ге жуық адам Каспий теңізі жағалауының тазалығын сақтау мақсатында ортақ іске жұмылды. Бірлескен еңбектің нәтижесінде шамамен үш тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Бұл – мемлекет, қоғам және табиғатқа бейжай қарамайтын тұрғындардың күш біріктіргенде нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынының айқын дәлелі. Ақтау қаласында мұндай игі бастамалар жақсы дәстүрге айналды. Қала тұрғындарының, мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың бастамасымен апта сайын абаттандыру және санитарлық тазалық акциялары ұйымдастырылып келеді. «Таза Қазақстан» – бір реттік науқан емес, бұл экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және әрбір азаматтың туған жердің тазалығына деген жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарап, ортақ үйіміздің тазалығын сақтауға шақырамын, – деді қала әкімі.



Айта кетейік, республикалық «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының екінші кезеңі еліміздің 12 өңірінде бір мезгілде өтті. Табиғи бұлақтар жоқ Маңғыстау облысында негізгі жұмыстар Каспий теңізі жағалауы мен Қаракөл көлінің аумағын тазартуға бағытталды.

Экологиялық акция «Таза Қазақстанның» ауқымды жалпыұлттық бастама ғана емес, табиғатты қорғау, экологиялық жауапкершілікті арттыру және тазалық мәдениетін қалыптастыру жолында мемлекет пен қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын тиімді тетік екенін тағы бір мәрте айқындады. Жиналған үш тоннаға жуық қоқыс бірлескен еңбектің нақты нәтиже беретінін көрсетіп, Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтауға қосылған маңызды үлес болды.