
Бүгін, 3 шілдеде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновпен бірге Мұнайлы ауданындағы «Маңғыстау» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы мен ұлттық компания басшысына жобаның іске асырылу кезеңдері, құрылыс жұмыстарының қарқыны және осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жөнінде баяндалды.
«Маңғыстау» теміржол вокзалын жаңғырту – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі. Жоба толық аяқталғаннан кейін вокзал халықаралық талаптарға сай келетін, қауіпсіз әрі жайлы заманауи көлік кешеніне айналады.
Қазіргі вокзал ғимаратының орнына жалпы аумағы 8 899 шаршы метрді құрайтын үш қабатты жаңа жолаушылар кешені салынып жатыр. Салыстырмалы түрде айтқанда, қолданыстағы вокзалдың жалпы аумағы небәрі 763,7 шаршы метрді құрайды. Жаңа ғимаратта кең күту залдары, заманауи билет кассалары, жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары, ана мен бала бөлмесі, сервистік нысандар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта қарастырылған.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 63 пайызы аяқталған. Нысанда күн сайын 165 жұмысшы еңбек етіп, 6 арнайы техника жұмылдырылған.
Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, теміржол вокзалы жолаушыларға штаттық режимде қызмет көрсетуді жалғастыруда. Құрылыс кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсету вокзал аумағындағы уақытша ғимаратта ұйымдастырылған.
Облыс әкімі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық және көлік-логистикалық әлеуетін арттырудағы маңызды жобалардың бірі екенін атап өтіп, құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазақстанның маңызды көлік-логистикалық орталықтарының бірі саналатын Маңғыстау облысы үшін теміржол инфрақұрылымын жаңғырту – стратегиялық маңызы бар міндет. Жаңа «Маңғыстау» вокзалы тұрғындар мен қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсететін, заманауи, қауіпсіз әрі жайлы көлік кешеніне айналуға тиіс. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның аясында республика бойынша 125 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып жатыр. Маңғыстау облысында «Маңғыстау», «Бейнеу» және «Шетпе» теміржол вокзалдары жаңартылуда.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі