Маңғыстау облысы Брюссельде кеме жасау саласындағы ірі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша келісімге қол жеткізді

Маңғыстау облысы Брюссельде кеме жасау саласындағы ірі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша келісімге қол жеткізді

Брюссель қаласында «Қазақстан – Еуропалық Одақ» бизнес-форумы аясында «Бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел: Қазақстан – ЕО» атты маңызды халықаралық іс-шара өтті. Аталған шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Форум аясында Маңғыстау облысы мен халықаралық кеме жасау компаниясы «Damen Shipyards Group» арасында «Қазақстан Республикасының Каспий теңізі секторында кеме жасау зауытын салу жөніндегі жоба» бойынша негіздемелік келісімге қол қойылды.

Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 100 млн еуроны құрайды. Аталған бастама Каспий теңізі өңірінде заманауи кеме жасау өндірісін қалыптастыруға, отандық өндірістік қуаттарды дамытуға және теңіз көлігі инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған.

Жобаны іске асыру барысында заманауи технологияларды енгізу, теңіз кемелерін өндіру бойынша жаңа өндірістік алаң құру және білікті жұмыс орындарын ашу көзделеді. Бұл өз кезегінде Маңғыстау облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Damen Shipyards Group» – кеме жасау және теңіз инфрақұрылымы саласында халықаралық деңгейде жұмыс істейтін жетекші компаниялардың бірі.

Аталған жоба Мемлекет басшысы айқындаған инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттыру бағыттарына толықтай сәйкес келеді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі