
Ақтау қаласында Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сала ардагерлері мен ведомство өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың атынан мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтады.
Өз құттықтауында Ербол Ізбергенов мемлекеттік қызметтің ел дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызын атап өтті.
– Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал қызмет етудің, халық алдындағы жауапкершілікті абыроймен атқарудың айқын көрінісі. Бұл – жоғары кәсібилікті, терең білімді, әділдік пен адалдықты талап ететін ерекше сала. Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің еңбегі зор. Бүгінде облыста 2568 мемлекеттік әкімшілік қызметші еңбек етеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды бастамалар мен ауқымды жобалардың табысты жүзеге асуы – мемлекеттік қызметшілердің қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деді Ербол Ізбергенов.
Мерекелік жиын барысында алғаш рет мемлекеттік қызметке қабылданған мамандар салтанатты түрде ант қабылдады.
Іс-шара барысында «Мемлекеттік қызмет ардагері» және «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерінің иегерлері марапатталды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласының дамуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Маңғыстау облысының Құрмет грамоталары, облыс әкімінің Алғыс хаттары және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ведомстволық марапаттары табысталды.
Бұдан бөлек мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» өңірлік байқауының жеңімпаздары мен мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спорттық спартакиаданың жүлдегерлері арнайы марапаттарға ие болды.
Мерекелік шара барысында мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі мен жетістіктері туралы бейнероликтер көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі