Облыс әкімдігінде балық ресурстарын қорғау және Каспий теңізін зерттеу мәселелері талқыланды

Облыс әкімдігінде балық ресурстарын қорғау және Каспий теңізін зерттеу мәселелері талқыланды

Бүгін, 17 маусымда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Жиында балық ресурстарын қорғау және браконьерлікпен күрес, Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының қызметі мен алдағы жоспарлары, сондай-ақ «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының жұмысы қаралды.

Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі Каспий теңізі акваториясында 37 кәсіпшілік балық аулау учаскесі айқындалған. Оның 22-сі балық шаруашылығы субъектілеріне бекітіліп, салада 734 адам еңбек етеді. Биылғы бес айда құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен бірлесіп 89 рейд өткізіліп, анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Браконьерлікпен күресте заманауи техника мен дрондар қолданылуда.

Жиында облыстық Полиция департаменті табиғат қорғау заңнамасын бұзудың алдын алу және анықтау бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 22 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, заңсыз айналымнан бекіре тұқымдас балықтар, уылдырық және басқа да заңсыз өнімдер тәркіленген.

Сондай-ақ Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының атқарған жұмыстары таныстырылды. Институт Каспий теңізі деңгейінің төмендеу себептерін және оның қоршаған ортаға әсерін зерттеп, жағалау сызығының өзгеруіне тұрақты мониторинг жүргізуде. Зерттеу нәтижелері бойынша 2000-2025 жылдар аралығында Қазақстандық Каспий секторының акваториясы 16 мың шаршы шақырымнан астам қысқарған. Бұдан бөлек институт халықаралық ғылыми ұйымдармен және Каспий маңы мемлекеттерімен ынтымақтастық орнатып, теңіз экожүйесін сақтау бағытында бірлескен жобаларды іске асыруда.

Жиында «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметі де қаралды. Қазіргі таңда резерват Каспий итбалығының популяциясын сақтау, мекен ету ортасын қорғау және ғылыми бақылау жұмыстарын жүргізуде.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты мекемелерге балық ресурстарын қорғау, браконьерлікпен күресті күшейту, Каспий теңізінің экологиялық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау және Каспий итбалығын сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі