
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен «Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Жиында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай мен «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Медет Әбуғалиев баяндама жасап, бағдарламаның іске асырылу барысы мен жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары туралы ақпарат берді.
Бүгінде облыста 14 пен 34 жас аралығындағы жастар саны 244 мыңнан асады. «Маңғыстау жастары» бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары 125 жас маман баспаналы болды. Бағдарламаға сұраныс жыл сайын артып келеді. Егер 2023 жылы 622 өтінім қабылданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 762-ге жеткен.
Бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек ететін жастарды қолдауға бағытталған.
Кеңес барысында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі, бағдарламаны жетілдіру және қаржыландыру мүмкіндіктері талқыланды.
Нұрдәулет Қилыбай жастардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екенін атап өтіп, жауапты мекемелерге бағдарламаны тиімді іске асыру жөнінде тапсырма берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі