Нұрдәулет Қилыбай YDA Group компаниясының бас директорымен кездесті

Нұрдәулет Қилыбай YDA Group компаниясының бас директорымен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай YDA Group компаниясының бас директоры Эмрах Эрченмен кездесті.

Кездесу барысында өңірде өндірістік жобаларды жүзеге асыру, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және құрылыс саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.

YDA Group – әлемдегі ең ірі 250 құрылыс компаниясының бірі және Түркияның жетекші он құрылыс компаниясының қатарына кіреді. Компанияның 51 жылдан астам тәжірибесі бар. Қазіргі таңда оның жүзеге асырып жатқан жобалар портфелі 11,2 млрд АҚШ долларынан асады.

Кездесуде YDA Group құрамындағы «ATM Construction & Investment» ЖШС-нің өндірістік мүмкіндіктері таныстырылды. Компания металл конструкцияларын, алдын ала дайындалған ғимараттар мен құрылымдарды, сэндвич-панельдерді, медициналық және кеңсе жиһаздарын өндіреді. Сондай-ақ Ақтау қаласында EPC+F үлгісінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қажетті өндірістік базасы бар.

Кездесуде тараптар өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бойынша өзара әріптестікті дамытуға уағдаласты.

– Маңғыстау облысы инвестиция тартуға және жаңа өндірістерді дамытуға басымдық береді. Біз өңір экономикасының дамуына үлес қосатын жобаларды қолдауға дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі