Маңғыстауда көлік-логистика, білімді цифрландыру және азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды

Маңғыстауда көлік-логистика, білімді цифрландыру және азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды

Бүгін, 2 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Кеңесте өңірдегі көлік-логистика саласының дамуы, білім беру жүйесін цифрландыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар қаралды.

Жиында көлік және логистика саласында оң динамика сақталып отырғаны айтылды. Биылғы төрт айда саладағы нақты көлем индексі 111,1%-ды құрады. Өңірде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, автомобиль жолдарын жөндеу, Ақтау халықаралық әуежайы базасында авиациялық хаб құру, Кендірлі әуежайының құрылысы, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарын дамыту бағытындағы ірі жобалар жүзеге асырылуда.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша білім беру саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары талқыланды. Қазіргі таңда облыстағы барлық мектептер электронды журнал жүйесімен жұмыс істейді және интернет желісімен қамтамасыз етілген. Педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталған жобалар іске асырылып, өңірдегі 16 мектеп жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі пилоттық жобаға енгізілген.

Сонымен қатар жастардың цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған Mangystau Hub IT-хабының жұмысы және өңірде Tomorrow School мен TUMO жобаларын іске асыру жоспарлары таныстырылды.

Кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру шаралары да сөз болды. Бағаға тұрақты мониторинг жүргізіліп, сауда үстемесін төмендету жөнінде меморандумдар жасалған. Сондай-ақ тұрақтандыру қоры арқылы тауарлар жеткізіліп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармаларға жоспарланған жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, білім беру саласын цифрландыру және баға тұрақтылығын сақтау бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі