Облыс әкіміне емдік-сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған жоба таныстырылды

Облыс әкіміне емдік-сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған жоба таныстырылды

Бүгін, 20 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Tree Of Life» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен және шетелдік жобалық компания мамандарымен кездесу өткізді. Кездесуде өңірде жүзеге асырылуы жоспарланып отырған санаторий-курорттық кешеннің жобасы таныстырылды.

«Tree Of Life» ЖШС Маңғыстау облысының жағалау аймағында термалды суларды тиімді пайдалану арқылы заманауи санаторий және емдеу-сауықтыру орталығын салуды жоспарлап отыр. Жоба Еуропадағы үздік санаторийлік кешендердің жобаларын әзірлеген шетелдік жобалық компанияның қатысуымен дайындалған.

Жобаның жалпы құны 20-25 млрд теңгені құрайды. Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, емдік-сауықтыру туризмін дамытуға серпін бермек.

Аймақ басшысы өңірдің инвестициялық тартымдылығына тоқталып, туризм саласын дамыту Маңғыстау үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Туризм және емдік-сауықтыру бағытындағы жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі өз тарапынан инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесу нәтижесінде тараптар жобаны іске асыру тетіктері мен алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі